Қазақстанда ешкім биліктен басқаша ойлағаны үшін қудаланбауы тиіс – Ғалымжан Жақиянов

Qaz365.kz редакциясы

Экс-әкімге қатысты қайта қозғалған іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған

Dope soz

Павлодар облысының экс-әкімі Ғалымжан Жақияновқа қатысты қайта қозғалған іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған еді. Осыған байланысты өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жауап берді, деп хабарлайды  Qaz365.kz

«20 жыл бұрын маған қатысты қозғалған қылмыстық істердің жақында қайта қозғалуына байланысты сұрақтар көп болды. Мәселенің құқықтық жағы анықталмағанша пікір білдіргім келмеді.Алдымен айтарым, бұл істердің бәрі мен Құсмұрын колониясында отырған кезімде ашылған. Сондағы Назарбаевтың тапсырмасымен колонияға келген шабармандар, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары өздерінің мақсаттарын жасырмады. Олар мені саясаттан және Қазақстандағы демократия үшін күрестен бас тартуға, жазбаша және видео арқылы президенттен кешірім сұрауға мәжбүрлегісі келді. Талаптарын орындамаған жағдайда үстімнен жаңа қылмыстық істер ашып, түрмеге мәңгілікке қамаймыз деп қысым жасады. Маған қарсы көптеген «дәлел материалдар» бар деп қорқытпақшы боп, әкелген жәшіктеріне қарай сілтегендері есімде», - дейді Ғалымжан Жақиянов.

Ол бұл бопсалауға көнбей, үзілді-кесілді бас тартқаннан соң қылмыстық істер қозғалды деп отыр.

 «Ұзын саны 10-ға жуық, нақты қанша екенін тергеушілердің өздері де білмеді. Айыптаулардың заңдылық сапасы өте төмен болғандықтан, бұлар істердің санын көбейткен тәрізді. Алайда, бірнеше тергеу әрекеттерінен кейін қылмыстық қудалау нәтиже бермейтініне және де мені саяси өкіндіруден ештеңе шықпайтынына Ұлттық қауіпсіздік қызметінің ғана емес, ел басшылығының да көзі жетті. Амал қалмаған соң, билік мені түрмеден шығаруға мәжбүр болды. Осылайша, 2006 жылы сот шешімімен мен шартты түрде мерзімінен бұрын (УДО-мен) босатылдым», - дейді саясаткер.

Ол содан бері қозғалған қылмыстық істердің материалдары саяси қудалау «конторасында» жатты. «X сағаты» жеткенде ноқталау үшін билік сол істердің қажеті болар деп сақтаған сияқты деп отыр.

 «Маған қарсы қозғалған істер ұмытылып кеткендей болды. Бірақ мен ұмытқан жоқпын. Осы 20 жыл бойы өзім және менің адвокаттарым тиісті мемлекеттік органдарға арыздар мен талаптарды жазып келдік. Әр жолы ҰҚК мен «құқық қорғау» органдарынан түрлі сылтауратқан мәнсіз жауаптар келіп тұрды. Енді міне, «қылмыс құрамы жоқ» деген тұжырыммен барлық істер ресми түрде жабылды.  Алайда мен ол істердің жабылуымен ғана әділет толық орнады деп есептемеймін. Сол заңсыз әрекетке қатысы болған лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту жайында заңгерлермен кеңесіп отырмын. Мен оны кек алу мақсатымен жасап отырған жоқпын. Шын мәнісінде, маған және басқа да саяси қуғынға ұшыраған адамдарға қарсы ашылған осындай жалған істер биліктің ең басында ұйымдасқан қылмыстық топ қалыптасқанын көрсетеді», - дейді экс-әкім.

Ол сондықтан, ең маңыздысы, осының барлығы өзгелерге сабақ болуы тиіс. Бұдан былай қылмыстық істі ойдан шығаратындар, әсіресе, мұндайды жасауға бұйрық беретіндер ерте ме, кеш пе жауапқа тартылатынын білуі керек деп отыр.

«Қазақстанда ешкім биліктен басқаша ойлағаны үшін және бейбіт саяси күресі үшін қудаланбауы керек», - деді Ғалымжан Жақиянов.

Бұған дейін Павлодар облысы бойынша Антикор департаменті Ғалымжан Жақияновқа қатысты қылмыстық істің тергелуін растаған болатын. Енді, міне, тоқтатып отыр.