Бұл туралы генерал Тарнавский мәлімдеді
Украина күштері Запорожье облысында Ресей қорғаныс шебінің алғашқы сызығын бұзып өтті. The Observer басылымына берген сұхбатында "Таврия" әскери тобына жетекшілік ететін генерал Александр Тарнавский осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі azattyq.org-ке сілтеме жасап.
Оның сөзінше, украин әскеріне аумақты минадан тазартуға бірнеше апта уақыт кеткен, енді украин жауынгерлеріне жеңілірек болмақ.
Тарнавский нақты қай аумақтағы шепті бұзғанын айтпады, алайда әңгіме ауаны мен майданнан түскен соңғы оқиғаларға қарап, мәселе Работино елді мекенінде болып отыр деп топшылауға болады. Бұл – Тоқмақ бағытында орналасқан Ресей қорғанысының негізгі тораптарының бірі.
Бригада генералының бағалауынша, Ресейдің Украина шабуылы жүріп жатқан аймақтағы жұмсап жатқан ресурсының 60 пайызы бірінші линияны жабдықтауға, тек 20 пайызы екінші және үшінші линияны жабдықтауға жұмсалған, өйткені Ресей қолбасшылары украин әскері алғашқы сызықты бұзып өтеді деп күтпеген.
"Қазір бірінші және екінші қорғаныс шебі арасындамыз", – деді Тарнавский басылымға.
Генералдың айтуынша, украин күштері қарқынын үдетіп, соңғы кезде азат еткен аумақтарға орнығып жатыр.
“Ресей әскері Украинадағы бақылап отырған аумақтарынан ғана емес, Ресейден де қосымша күштер шақыртып жатыр, алайда ерте ме, кеш пе, олардың үздік деген жасақтары таусылады, сол кезде украин күштері жылдамырақ шабуыл жасау мүмкіндігіне ие болады”, – деді генерал.
Генерал сонымен бірге Донецк облысының батысында Великая Новосело ауданында украин күштерінің соққысы да алға жылжуға көмектескенін атап өтті.
Украина әскерінің үш ай бұрын басталған қайта шабуылын Батыс елдерінде "бәсең қарқыны үшін" жиі сынайды. Тарнавскийдің сөзінше, уақыттың көп бөлігі минадан тазарту жұмыстарына кетеді және жаралыларды майдан даласынан эвакуациялауға да көп күш жұмсалады.
Тарнавский украин әскері Қырым немесе Азов теңізіне қашан жететіні туралы болжам жасаған жоқ - "шабуылды жалғастыру керек" және "соғыстағы үзілістен Ресей тек ұтады" деумен шектелді.
Дегенмен ресейшіл әскери телеграм-арналары украин әскері алғашқы шепті сол күйі бұза алған жоқ деп жазған. Соғыс жағдайында тараптардың айтқанын тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.