Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов көрші арналардың телеарналарына ақша төлеп отырғанын айтады
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай комитет отырысында ресейлік телеарналарды шектеу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Ресейлік арналарға шектеу қою керек. Осы күні көрші елдің пропагандасына тойып алған біраз отандасымыз бар. Сондықтан Қызылжар секілді өңірлерде ара-тұра ұлтараздық мәселелері туындап тұрады. Менің үйімде де рұқсатсыз ресейлік арналар қосылған. Оны көрген балаларым улануы мүмкін. Сол себепті біздің кеңістікке кіргені үшін олар ақша төлеуі тиіс. Соны саралап шектеу қою қажет», - дейді Мақсат Толықбай.
Ол сонымен қатар телерейтинг мәселесін көтерді. Өйткені осы күні 100 мың тұрғыны бар қалалармен ғана рейтинг жасалады деп отыр.
«Мұқым ел тек Андрей Малаховтың «Пусть говорят»ток-шоуын ғана көреді дегенге сенбеймін. Ауыл тұрғындарының көзқарасы ескерілу керек. Ауылдағы миллиондаған қазақтың есебі қайда? Телерейтингті зерттеуге респондент ретінде бірде-бір ауыл тұрғыны қатыспайды. Қазақша бағдарламалардың ғұмыры қысқа болатыны да осыдан. «Домбыра» деген телеарна бар. Байғұс иесі төрт камерасын арқалап, өңірлерді аралап, дәстүрді өнерді насихаттайды. Сосын You Tube-тен көрсетеді. Alma TV-ға неге қосылмайсың десем, айына 600 мың теңге төлеуі керек. Бір жылға 7 миллион теңге керек. Министрлік мұны бермейді екен. Екі жыл 14 миллион теңге төлесе, әріқарай тегін қосады екен. Неге біз осындай ұлттық арналарды қолдамаймыз?», - деді депутат.
Оның айтуынша, «Қалаулым» сияқты бағдарламалардың тікелей эфирдегі үш сағатына 2 миллион теңге жұмсалады екен.
Осы ретте Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов көрші арналардың телеарналарына ақша төлеп отырмыз деп айтты.
«Ресейлік телеарна көрмек түгіл біз оларға ақша төлейміз. Ең алдымен төлем мәселесін шешу керекпіз. Мысалы, кабельдік операторға айына 5 мың теңге төлейсіз. Олар соның 3 мың Ресейге беруі тиіс. Ең алдымен осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақытта шетелдік арналарға ақша төлеуді тоқтатамыз. Ал отандық арналар керсінше Alma TV сияқты кабельдік операторларға өздері төлейді. Жыл соңына дейін осының шешуіміз керек», - дейді Қанат Ысқақов.