Премьердің пиары ма? Желіде Смайыловтың министр Бейсембаевқа шүйліге ұрсып жатқан видеосы тарады

Qaz365.kz редакциясы

Тілшіміз бұл отырыстың қашан болғанын зерттеп көрген

коллаж Qaz365.kz

Желіде Смайыловтың министр Бейсембаевқа шүйліге ұрсып жатқан видеосы тарады. Алайда бұл видеоның фейк болуы мүмкін деген де болжам бар. Министрліктің баспасөз қызметі бұл бейнекадрды тексеріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Нені шештіңіздер? Түкті де шешкен жоқсыздар. Қашан шешесіңдер бұл мәселені? Ал министр не үшін керек онда?» - деп шүйлігеді видеода премьер-министр оқу-ағарту министріне. 


«Планшет сатып алу біздің құзыретімізде емес, тапсырма бойынша президенттің...» деп Бейсембаев сөзін жалғай бергенде Смайылов оны қатаң тоқтатып ескерту жасайды.

«Цифрландыру бойынша сіздің құзыретіңізде. Дайын емессіз сіз. Дайын емессіз сіз! Цифрландыру министрлігімен интернет жеткіліксіз жерге жеткізулеріңіз керексіздер. Түкті де шешкен жоқсыздар. Қашан шешесіздер бұл мәселені. Министр не үшін керек онда?» - дейді Смайылов Бейсембаевқа қарата. 


Qaz365.kz тілшісі осы видеоның тарихын Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінен сұрап көрген. Министрліктің баспасөз хатшысы видео зерттеліп жатқанын айтты.

«Ресми жауап береміз», - деді ол.


Тілшіміз бұл отырыстың қашан болғанын зерттеп көрген. Бейсембаевтың шағын кадрдағы галстукты 6 маусымдағы үкімет отырысына киіп келгенін көруге болады. Алайда үкіметтің сол кездегі отырысында Смайылов дәл бұлай Бейсембаевқа шүйлікпеген. Журналистер көретін экранды өшіріп тастағаннан кейін министрлер кулуарға шыққанға дейінгі аралықта болмаса, әдеттегі отырыста бұл кадр жоқ.

Тик-токтағы «Сақ бол» атты парақшада Әлихан Смайыловтың дәл осындай екінші видеосы тарап жүр. Онда ол инвесторларға дәл осындай мінез танытады. Бұл үкіметтің басшысына жасалған пиар ма? Әлде құрама кадрлардан құралған видео ма? Түсініксіз.