Аудан деңгейіндегі басшы ауысып жатса да, ол жайлы Парламент депутаттарына дейін пікір жазып жатыр
Ұйғыр ауданының әкімі болып Бота Елеусізова тағайындалды. Аудан деңгейіндегі басшы ауысып жатса да, ол жайлы Парламент депутаттарына дейін пікір жазып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қарадаланың тұңғыш қазақ әкімі. Қарадала ауданына жаңа әкім болып Бота Серікқызы Елеусізова тағайындалды. Бота Серікқызын біраздан бері білемін. Былтырдан бері Алматы облыстық Ішкі саясат басқармасын абыроймен басқарды. Кеңестік кезеңде бірді-екілі қазақ басқарғаны болмаса, тәуелсіздік алғалы, бұл ауданға қазақ әкім сайланбаған. Сол олқылықтың орны толды. Енді аудан аты қазақыланып кетсе дейміз! Сол күн жақын болғай!» - деп жазады журналист Қанат Әбілқайыр.
Тағы бір журналист Әмірболат Құсайынұлының жазуынша, бұл өңір - атын ауыстыру туралы қанша жылдан бері жыр болған аудан.
«Шухрат Нурахунов ауданды жиырма жылдай еркін билеп төседі. Негізі 1991 жылы әкімдікке қызметке келген. Көсемнің содан кеткені бүгін ғана. Ресми сайттарында әлі Шухраттың аты көрсетіліп тұр, алдағы кездесулерін де жоспаралап қойған екен. Соған қарағанда орнынан алынатынан хабарсыз болды ма екен? Үнемі «горячий» өңірдің бірі саналатын ауданға барған Ботаның мінезі жайсаң, жайдарлы, қулық-сұмдығы жоқ жан. Интригасы көп ауданды басқару оңай болмайды-ау. Елеусізованың тұсында ауданның аты ауысып қалар деп үміттенейік», - дейді ол.
Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан аудан негізі 1935 жылы қаланғанын айтады. Депутаттың сөзінше, содан бергі кезеңде бейресми деректер бойынша қазақ ұлты өкілінен екі ғана кісі – көпшілікке беймәлім Сембай Темірханов (соғыс жылдарында болу керек) және көрнекті қоғам қайраткері, елдің беделді ақсақалы болған, марқұм (иман нұры пейіште шалқысын) Сейдәлім Тәнекеев болған. Сейдәлім Тәнекеевтің ол ауданды басқарған кезінен бері де аттай алпыс жыл өткен.
«Бота Елеусізова киелі Аспантаулар өңірі, Кеген ауданының тумасы. Бұған дейін аудандық, облыстық деңгейде әлеуметтік-идеологиялық бағытта абыройлы қызмет еткен. Тарихи һәм саяси жауапкершілігі маңызды қызметіне толайым табыстар тілейміз! Ел іргесі берік болсын!» - деп жазады депутат.
Журналист Ерлік Кебекбай Бота Елеусізованың өмірбаянынан қысқаша дерек келтіреді. Айтуынша, ол 1975 жылы 16 қаңтарда Алматы облысы Кеген ауданында дүниеге келген. Қазақ ауыл шаруашылығы институты мен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітірген. Бұған дейін әр жылдары Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылдық округі әкімі аппаратының маманы, бас маманы, Түрген ауылдық округі әкімінің орынбасары, Түрген ауылдық округінің әкімі, Кеген ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген.