Нығматулин «қаңтарды» ұйымдастырғандардың бірі – Шабдарбаев

Qaz365.kz редакциясы

Бұл туралы Амангелді Шабдарбаев «Elmedia-ға» берген сұхбатында айтты.

Коллаж: abai.kz

ҰҚК бұрынғы төрағасы Шабдарбаев Мәжілістің экс-спикері Нығматулинді «қаңтардың дем берушілерінің бірі» деп санайды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі abai.kz-ке сілтеме жасап.

Ұлттық Қауіпсіздік  комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Амангелді Шабдарбаев «Elmedia-ға» берген сұхбатында Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулинді «қаңтар оқиғасын» ұйымдастырушылардың бірі болған деп санайтынын айтқан.

«Мәжіліс спикері мен Кәрім Мәсімов Тоқаевқа келіп: «Міне, ұшақ дайын, ұшып кет» (Мемлекет басшысына «Қаңтар оқиғалары» барысында Қазақстанды тастап шық деген емеурінді білдіреді) деп айтты. Бұны айтқан Кәрім емес, Нығматулин», – деді Шабдарбаев «Elmedia» жобасының бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваға берген сұхбатында.

Журналист өз сауалын: «Егер Тоқаев ұшаққа отырып ұшып кететін болса, онда оның орнын кім басар еді?» – деп сұрайды.

«Еліміздің заңы бойынша Сенатор (қолданыстағы заң бойынша Сенат спикері – мемлекеттің екінші тұлғасы, ал, Мәжіліс спикері үшінші тұлға саналады) бірден оның орнын басады. Жас қой», – деді Шабдарбаев.

«Қаңтар оқиғасы» кезінде Сенатты Мәулен Әшімбаев басқарған-тын, ол кезде Нығматулин Мәжіліс спикері еді.

«Нығматулиннің Президент болуы өте ақылға сыйымды», – деп түйіндейді Ерғалиева.

Еске салайық, Нұрлан Нығматулин Мәжіліс спикерлігінен 2022 жылдың 1 ақпанында кетті. Ол Парламенттің төменгі палатасын 2016 жылдан бастап басқарды. Ол бұған дейін де 2012-2014 жылдар аралығында Мәжіліс спикері болған-тын. Ал, бұл оның екінші төрағалық етуі еді. Кей жылдары ол Президент әкімшілігін басқарды. Қарағанды облысының әкімі де болды.