Әлтаевтың ісі бұдан былай жабық режимде өтеді
Сот бүгін прокурордың өтінішімен келісіп, «куәгердің өміріне қауіп төндірмес үшін» экс-депутат әрі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған, тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының басшысы Нұржан Әлтаевтың ісін бұдан былай жабық режимде өткізетін болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бүгін экс-депутаттың ісі бойынша алдын ала тыңдау өткен. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Әлтаевты қолдауға жақтастары келді. Экс-депутатты бірнеше 6-7 конвой сот залына әкелді. Әлтаев таяққа сүйеніп жетті.
Бұрынғы мәжілісмен Нұржан Әлтаевқа «аса ірі мөлшерде пара алды» (ҚР ҚК 366-бабының 4-бөлігі) деген айып тағылып отыр. Сотталушы 7 маусымнан бері қамауда. Бүгінгі алдын ала тыңдауда прокурор Олжас Хайруллаев айыптау қорытындысын оқыды. Оған сәйкес Әлтаев 2018 жылғы ақпаннан 2020 жылғы шілдеге дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі және Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты бола отырып, жалпы сомасы 50 млн 123 мың 400 теңге пара алды деп айыпталып отыр.
Тергеу нұсқасы бойынша, Әлтаев Мырзахметовтен делдалдар арқылы «Атамекен» ҰКП мүдделерінің лоббиі үшін алған. Іс бойынша 18 куәгер өтеді. Әлтаевтың өзі айыптаумен мүлде келіспейді.
Күдіктінің адвокаттары істі прокурорға тергеуге қайтару туралы өтініш білдірді, бірақ сот бұл бөліктен бас тартты.
«Құрметті сот айыптаудың өзі күлкілі, сандырақ екенін түсіну керек», – деді Әлтаев.
Сондай-ақ қорғау тарапы бұрынғы депутаттың әйелін қорғаушы етіп тағайындау туралы өтініш білдірді. Алайда сот одан да бас тартты, өйткені Әлтаевтың әйелі бұл іс бойынша куәгер болып жатыр.
Қорғаушылар Әлтаевқа қатысты бұлтартпау шарасын қамауда ұстаудан бас бостандығынан айыруға байланысты емес шараға өзгертуді сұраған. Сот онымен де келіскен жоқ.
Алайда сот прокурордың істі жабық режимде өткізу туралы өтінішімен келісті. Прокурордың айтуынша, іс бойынша куәгер Әміровті «біреулер қорқытқан». Әлтаев тарапы «егер оны біреу қорқытса, құзырлы органдарға жүгінсін» деген. Қорғау тарапының қарсылығына қарамастан, іс жабық режимде өтетін болды.
«Менің ісім саясиланған», – деді Әлтаев сот залынан шығарда.