Путиннің баспасөз хатшысы Қазақстанның Еуропамен қарым-қатынасына баға берді

Qaz365.kz редакциясы

Қазақстан Еуропа мемлекеттерімен қарым-қатынасын дамытып жатыр

Ашық дереккөздерден

Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қазақстанның Еуропа елдерімен қарым-қатынасын дамытуы қалыпты үрдіс екенін атай келе, «Мәскеудің де Астанамен қарым-қатынасы жақсы» деп мәлімдеді. Бұл сұрақтардың көрші елде пайда болуына өтіп бара жатқан аптада Еуропа мен Түркі тілдес елдердің басшыларының Қазақстанға келуі себеп болған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Песков журналистердің бірімен телефон арқылы сөйлескен. Тілші оған «Еуропалық көшбасшылардың кенет Қазақстанға деген қызығушылығы неге артты?» деп сұрақ қояды.

«Мен сізбен келісе қоймаймын. Кенет дейтіндей ештеңе жоқ, әрине. Қазақстан Еуропа мемлекеттерімен қарым-қатынасын дамытып жатыр. Бұл толығымен қалыпты үрдіс. Қазақстан өз мүдделеріне көбірек сәйкес келетін мемлекеттермен қарым-қатынасты жақсартады, бұл қалыпты жағдай. Ал біздің Қазақстанмен өз қарым-қатынасымыз бар», – дейді Песков.

Песков сонымен қатар Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның Қазақстан тарихи тұрғыдан «мажарлардың үйі» деген сөзі жөнінде былай дейді.

«Шынында да, тарихи тамырластық бар. Үлкен тілдердің бір тобы бар – мажар тілі де түркі тілдеріне кіреді. Орбан мырза осыны айтып отыр», – деді ол.

Еске сала кетейік, 1 қарашада Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер жүргізген. Шағын форматтағы көшбасшылардың келіссөздерінен кейін байланыс екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Шағын форматтағы келіссөздер барысында Макрон мен Тоқаев қазақ-француз стратегиялық әріптестігінің перспективаларын, саяси диалогты нығайтуды, сондай-ақ сауда-экономикалық, энергетикалық, инвестициялық және тағы басқа салалардағы ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылады.