"Бәрі жоғары жақпен келісілген": тәуелсіз кандидаттар аудан әкімін сайлаудың әділ өтетініне сенбейді

Qaz365.kz редакциясы

Осы сатыға дейін өткізбеу үшін бізді бірінші сатыда алып тастау керек деген тапсырма болды

Ашық дереккөздерден

Бүгін Қазақстанда өтіп жатқан 42 аудан мен үш қаланың әкімін сайлауға скептикалық көзқарас танытып, оның әділ әрі ашық өтетініне күмәнмен қарайтындар бар. Соның бірі – Ұлытау ауданынан сайлауға түспек болған Марғұлан Ермағанбетов. Ол сайлауға түсіп жатқан 45 әкімнің бәрі жоғары жақпен келісіліп қойған деген пікірде. Бұл туралы Марғұлан Ермағанбетов журналист Руслан Ерботаға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Бұл сайлау бұрынғылардан өзгеше. Жоғары жақтан атауын атамай-ақ қояйын, шешім қабылдайтын деңгейден: қазіргі сценарий былай – сол органнан, сол деңгейден бүкіл жерге тапсырма берілген. Яғни осы аудан әкімдерінің пилоттық деңгейдегі сайлауларын еш шусыз өткізу. Ал шу деген не? Негізгі жоғарғы жақпен келісілген 45 әкім бар ғой. 45-тің бәрі жоғары жақпен келісілген. Тізім беріліп келісілген. Осы адамдар өтуі керек деп», – дейді Марғұлан Ермағанбетов. 

«Жобалап айтып отырсыз ба? Әлде дерегіңіз бар ма?» деген сұраққа Марғұлан Ермағанбетов өзінде дерек жоқтығын, осылай дерлік нормативті актілер жоқтығын айтады.

«Бірақ менің таныстарым бар. Қазіргі қызметте де отырған. Соның сыртынан өзім сараптама жасадым. Біраз адамдар түсіп қалып тұр. Оппозиция емес, білікті, білімді, энергиясы тасып тұрған азаматтар. Өткенде Парламентте қандай шу болғанын көрдіңіздер ғой. Қандай атпалдай азаматтар өтпей қалды. Егер бұл кісілер соңына дейін, яғни бюллетенге дейін барса... Бюллетенде міндетті түрде бұрынғы схема жасалады. Ал біз ол жерге бақылаушыларды қоямыз. Яғни бұл жерде ұрлау өтпейді. Осы сатыға дейін өткізбеу үшін бізді бірінші сатыда алып тастау деген тапсырма болды», – дейді ол.

Марғұлан Ермағанбетов өзін-өзі ұсынған кандидаттарды тізімнен алып тастаудың себептері күлкілі екенін айтады. 

«Мен Бекеңнің де (Бейнеу ауданынан Бекзат Әзірханов), Абай облысындағы Абай ауданынан түсіп жатқан Айжан деген қарындасымыздың да, Созақ ауданынан Төлеген деген азаматтың да ісін қарадым. Бәрі де мемлекеттік қызметте істеген. Ешқандай сотталмаған. Тәрбиелі, білімді азаматтар. Тіпті заңда жоқ нәрсемен өтірік жалған бір нәрсе жасап, тіпті таппаған жағдайда Бекең сияқты өтірік қолдан жасап тұр. Оны ашық айту керек», – дейді ол.

Айта кетейік, Ұлытау ауданынан Марғұлан Ермағамбетов пен Бейнеу ауданынан Бекзат Әзірханов журналист Руслан Ерботаның Ютуб-алаңында сайлау жөнінде пікірін айтысқан. Марғұлан Ермағамбетовтің өзі Ұлытау ауданынан түспек болған, алайда кандидаттар тізімінен шығып қалған. Ал Бекзат Әзірханов таяуда әлеуметтік желіде өзін Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың адамдары «түрмеге жабыласың» деп қорқытқанын айтқан еді.

Еске салсақ, бүгін елімізде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау өтуде. Аумақтық сайлау комиссиялары аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдігіне 164 кандидатты тіркеді. Олардың 69-ын саяси партиялар, ал 95-і өзін-өзі ұсынды. Тіркелген үміткерлердің орташа жасы – 46,4 жас. Ең жасамыс үміткер Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында – 61 жаста, ең жасы Түркістан облысының Мақтаарал ауданында – 29 жаста.