Қазір сайлау өткізетін уақыт емес - Зеленский

Qaz365.kz редакциясы

Украина Президентінің өкілеті 2024 жылы мамырда аяқталады

president.gov.ua

Украина Президенті Владимир Зеленский күнделікті кешкі үндеуінде "сайлау өткізетін кез емес" деп мәлімдеп, бұл мәселені қоғам талқысына шығарудың өзі "жауапсыздық" деп атады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.

"Қазіргі соғыс жағдайында сайлау туралы қоғамдық пікір қоздату – мүлде жауапсыздықтың белгісі", – деді Зеленский. Оның сөзінше, қазір елге бірлік керек. "Мемлекетімізде Украинаға қарсы бөтеннің ойындары мен конфликтілерге орын қалдырмау үшін қоғамға қажетті барлық жауапты беріп, нүктесін қоятын құрылымдар бар", – деп мәлімдеді ол.

Украина мен батыс баспасөзінде "2024 жылы Украинада Президент және Парламент сайлауы өте ме?" деген мәселе жиі сөз бола бастаған. Кейінгі уақытта Украина қарулы күштерінің қарсы шабуылының нәтижесі күткендегідей болмағаны және Зеленскийге өз серіктері мен кейбір әскери басшылардың көңілі толмайтыны байқала бастаған.

Украина Президенті кеңсесінің бұрынғы кеңесшісі Алексей Арестович сайлау алдындағы кампаниясын бастап, Зеленскийді "диктатор" деп атаған және "Медуза" басылымына берген сұхбатында "Президент сайлауын кейінге шегеру билікті озбырлықпен иеленумен тең" деген.

Украина Президентінің өкілеті 2024 жылы мамырда аяқталады. Өткен аптада Зеленскийдің өзі соғыс қимылдарына қарамастан сайлау өтуі мүмкін екенін айтқан.