Кездесу Ресей астанасы Мәскеу қаласында өтті
ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының 11-ші кездесуінде сөз сөйлеп, жаңа қауіп-қатерлерге бірлесіп тойтарыс беруге дайын болу керектігін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Кездесу Ресей астанасы Мәскеу қаласында өтті.
«Халықаралық саяси жағдайдың ушығуы, өңірлік деңгейдегі конфликтілердің күшеюі халықаралық қатынастар жүйесін бақылауды төмендетті. Нәтижесінде негізгі ойыншылардың геосаяси және геоэкономикалық мүдделерінің қиылысу нүктелерінде дағдарыстық жағдайлар пайда болады. Бұл біздің мемлекеттеріміздің ұлттық қауіпсіздік жағдайына теріс әсер етеді. Өкінішке қарай, жаһандық деңгейдегі жанжал аймақтық, тіпті субаймақтық деңгейге көтеріліп, байырғы проблемаларды қоздырып, жаңа дау-шарлардың пайда болуына жол ашады», – дейді Иманғали Тасмағамбетов.
Оларды шешу кезінде уақыт талабын ескеріп, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету тетіктерін әзірлеу үшін қосымша күш қажет деп отыр.
«ҰҚШҰ кеңістіктегі қуатты ұжымдық әскери-саяси әлеуетті білдіреді. Сондықтан біз жаңа қауіп-қатерлерге бірлесіп тойтарыс беруге және аймақтық қауіпсіздікті қорғауға дайын болуымыз керек. Өйткені жергілікті мәселелер ерекше сипатқа ие болғандықтан, оны жаһандық халықаралық ұйым шеше алмайды», – дейді ҰҚШҰ Бас хатшысы.