Қазақстан азық-түлік халықаралық санкциялық шектеулерге ілікпеуі керек деп санайды – Тоқаев

Qaz365.kz редакциясы

"Өйткені ол жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін қажет"

egemen.kz

Қазақстан азық-түлік, тыңайтқыш және дақыл тұқымдары халықаралық санкциялық шектеулерге ілікпеуі керек деген позицияны ұстанады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев картоп пен қант қызылшасы сияқты негізгі дақылдар бойынша Қазақстандағы отандық селекцияның үлесі 10 пайызға жетпейтінін атап өтіп, қалыптасқан жағдайды шұғыл реттеуге шақырды.

“Өсімдік шаруашылығында минералдық тыңайтқыштардың жеткілікті деңгейде қолданылмауы проблемаға айналды. Қазақстанда ғылыми негізделген қажеттіліктің 25 пайызы ғана, ал Ресейде іс жүзінде үш есе көп өтеледі. Соның салдарынан ауылшаруашылығы дақылдарының басым бөлігі бойынша Қазақстанның өнім алу көрсеткіші басқа жетекші аграрлық державаларға қарағанда әзірге айтарлықтай төмен. Ресей – әлемде ең ірі органикалық тыңайтқыш экспорттайтын елдің бірі. Өнім өткізу нарығының өзгеруіне байланысты Қазақстандағы Ресей тыңайтқыштарының импорты айтарлықтай артты. Мұның салдары отандық кәсіпорындарға әсер етіп отыр. Біз ЕАЭО-ның ішкі нарығында бір-бірімізбен бәсекелеспеуіміз керек деп санаймын. Біз бірлесе отырып, фермерлерімізге тыңайтқыштарды қолжетімді ету және сыртқы нарықтарға шығу жолдарын іздестіруіміз қажет. Қазақстан азық-түлік, тыңайтқыш және дақыл тұқымдары халықаралық санкциялық шектеулерге ілікпеуі керек деген позицияны ұстанады. Өйткені ол жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін қажет”, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев таяу арада Қазақстанның машина жасау саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шарасының бағыты кезең-кезеңмен өзгеретінін айтты. Алдағы уақытта техниканы ірі бөлшектерден ғана емес, бірте-бірте ұсақ бөлшектен құрастыратын аралас өндіріске басымдық берілетінін жеткізді. Бұл ретте Президент еңбек өнімділігіне, импортталатын қосалқы бөлшектердің жергілікті өндірісін жолға қоюға және өнімді жұмыс орындарын ашуға баса мән беру маңызды екенін атап өтті.