Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты «ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» Конституциялық заңның күші жойылғаны туралы қаулы шығарды. Құжат Конституциялық Соттың ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты мынадай қаулы шығарды:
- Қазақстан Республикасы Конституциясының 62-бабының 4-тармағын конституциялық заңдар Конституцияда тікелей көзделген мәселелер бойынша қабылданады, бірақ бұл Конституция мәтінінде осындай деп аталған конституциялық заңдар онымен түбегейлі анықталған дегенді білдірмейді деп түсіну керек. Осы деңгейдегі заңнамалық актілерден олардың реттеу мәселелері Қазақстан Республикасының Конституциясынан алынып тасталған конституциялық заңдар шығарылып тасталуы тиіс.
- 2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда білдірілген, Қазақстан Республикасының Конституциясынан 46-баптың 4-тармағы мен өзге де нормаларды алып тастау туралы Қазақстан халқының еркіне негізделе отырып, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Конституциясында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының Қазақстан Республикасында қолданылатын құқықта сақталуына құқықтық негіздер жоқ, деп тану қажет, осыған байланысты оның күші жойылды деп танылуға жатады.
- Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының 3-тармағына сәйкес нормативтік қаулы қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.
- Осы нормативтік қаулы қазақ және орыс тілдерінде ресми республикалық баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында жариялансын.