«Парламент өзіне тым көп алады»: Ринат Зайытов Үкімет дайындаған заң жобасын сынады

Qaz365.kz редакциясы

Заң жобасы депутаттардың ашуын тудырды

Мәжіліс

Бүгін Мәжіліс отырысында ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша заң жобасы таныстырылды. Бірақ заңның нормалары депутаттарға ұнаған жоқ, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Заң жобасын қорғауға Мәжіліске Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров пен Әділет вице-министрі Алма Мұқанова келді. Бірақ олар дайындаған заң депутаттардың ашуын тудырды.
Талқылау кезінде Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов та сынға алды.

«Ақылдыны билегің келсе, ақымаққа қамшы беріп қой» деген жақсы сөз бар. Мына заң қашып құтыла алмайтынын білген соң, қуып қорқытпақшы болғанның кебі ме деп ойлап отырмын. Жеке талқылайық. Қазіргі сегізінші шақырылымның белсенділігіне қарай, өткенде Премьер-министрдің өзі де «Парламент өзіне тым көп алады. Бұл Үкіметке жұмыс істеуге бөгет жасап отыр» деп айтты. Жұмыс істеу деген халықтың игілігіне емес, тырнақшаның ішінде. Ашық нормативтік-құқықтық ақтілер порталында (НҚА) депутаттық заң жобаларын жария талқылауды өткізу дейді де, «Үкімет қорытындысын ескере отырып» дейді. Үкімет қорытындысын ескеретін болсақ, қалғанының не қажеті бар?!» – деді Ринат Зайытов.

Ол 98 депутаттың жартысынан көбі – бизнестің жілігін шағып, майын ішкен адамдар. Олар бизнеске теріс әсер ете ме? Олар – мыңдаған адамға жұмыс бергендер. Енді келіп, бизнеске әсері дейсіздер дегенін күлкілі деп айтты.

«Бизнеске әсерді осы жерде талқылайық. Бизнеске теріс әсер етіп жатқан Парламент емес, «Жайлы мектеп» жобасының ақшасын әлі күнге дейін бермей жүрген «Самұрық-Қазына» мен «Атамекен» палатасы шығар?! Осыны ескерсеңіздер... Қазір Қазақстанда «жаңа қоғам құрамыз, дұрысталамыз» деп жатқан кезде өзара тартысып, бір-бірімізге мінез көрсететін заңдар күлкілі деп ойлаймын», – деді депутат.

Ал Абзал Құспан  бұл әдеттегі бір заңдарға қарама-қайшы келсе бір жөн. Бұл жерде Конституция нормасы бұзылып отыр. Атап айтқанда, Конституциядағы 60 баптың 1-тармағында заң шығару бастамасы Президентке, Үкіметке және Парламент депутаттарына тиесілі анық көрсетілген деп айтты.

«Мына заң жобасындағы нормаларды қарап отырсақ, депутаттардың заң шығару бастамасын шектеу көзделген. Президенттің «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деген бастамасына да қайшы. Оған сәйкес, Үкімет Парламентке есеп беру керек болса, мұнда Парламент депутаттары заң шығарушылық бастамада Үкіметке бағындырып қоймақшы», – дейді Абзал Құспан.