Ермұрат Бапи: Тина Канделаки оттай береді

Qaz365.kz редакциясы

Депутат бұл мәселеде Сәтжанды қолдайды

Фото: скриншот / asia24.media

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ресейлік журналист Тина Канделакидің сөзін негізсіз әңгімеге теңеп, әріптесі Динара Сәтжанды қолдайтынын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Тина Канделаки оттай береді», - деп қысқа қайырды ол журналистердің сұрағына Мәжіліс кулуарында.

Ал Конституциядан орыс тілін алып тастау бастамасы туралы депутат былай дейді:

«Біздің Қазақстан халқының 70 пайыздан астамы қазақтар қазір. Сондықтан орыс тілі мәселесі дегенді біз ұмытуымыз керек. 70 пайыз халықтың мүддесі бар. Орыстың үлесі 10 пайыздың ар жақ, бер жағында. Неге 70 пайыз халықтың мүддесін 10 пайыз орыс тілі үшін жығып беруіміз керек! Біз ең үлкен ұлт, халықпыз. Сондықтан, мен Динара Сәтжанның Канделакиге берген жауабын өте дұрыс деп есептеймін», – деді Бапи.

Еске салайық, Қазақстандағы теміржол вокзалдарының атауын өзгертуді жақтырмаған ресейлік тележүргізушіге қазақстандықтар наразылығын білдірген еді. Бұған жауап ретінде Канделаки «атауларды өзгерту қауіпті әрекет» деп айтты. Қазақстандықтар «орыс тілін Қазақстаннан мемлекеттік деңгейде ысырып жатыр» деген журналистің телеграм-арнасына толассыз шабуыл жасаған. Алайда Канделаки мұнымен тоқтаған жоқ. 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚШҰ әскерінің Қазақстанға баруын мысалға келтірді. Оның айтуынша, егер «көршілерінің көмегі» болмаса, «Қазақстан өмір сүруін тоқтатар еді».