Елде жаңа салық енгізу ұсынылды
Сенатор Бибігүл Жексенбай зиянды тағамдарға салық салып, балабақша мен мектептерде қымыз-шұбат беруді міндеттеуге шақырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жоғары палата өкілінің айтуынша, соңғы кезде Қазақстанда шығу тегі белгісіз зиянды тағамдар қаптап кетті.
«Алыс-жақын елдерден қоқыс тауарлар арбалап та, дорбалап та тасылып жатыр. Ең қорқыныштысы, қоқыс тағамдарының көбін көшелер мен жертөлелерде жасайды. Қытайдың өзінде бұл өнімнің зиянды екені дәлелденіп, сайттарында «қоқыс тағамдары» деп көрсетілген. Қытай билігі мұндай залалды тағам өндірушілермен күресіп жатса да, қоқыс тағамдары алыс-жақын шетелдің қорғалмаған нарықтарын жаулап жатыр», – деді Жексенбай бүгінгі Сенат отырысында.
Осы орайда депутат балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрғанын ерекше атап өтті. Себебі олар қанты көп, тұзды, майлы және химиялық қоспалары қосылған тауарлар жарнамасының еріксіз көрермені болып отыр. Ал жарнама туралы заңда денсаулыққа зиянды өнімдер туралы ақпаратқа шектеу қоятын норма жоқ.
«Елімізде балаларға арналып жарнамаланатын ас-судың шамамен 72 пайызы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан тыйым салынған азық-түлікке жатады екен. Осы ұйымның тамақ өнімдеріндегі қант пен тұздың мөлшері 5 пайыздан аспауы жөніндегі қаулысы қатаң орындалуы тиіс. Бүгінде әлемде зиянды тағамдарға салық салу практикасы айтарлықтай кең тараған. Соңғы он жылда мұндай салық Дания, Норвегия, Франция, Венгрия, Мексика, АҚШ және басқа да елдерде енгізілді. Осының арқасында зиянды өнімдердің саны айтарлықтай азайды», – деп атап өтті Жексенбай.
Сенатор Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, «қоқыс тауарларға» тыйым салуды, ал қанты көп энергетикалық сусындар сияқты өнімдерге салық салуды ұсынды. Ондай жарнамалардың нақты уақыты да белгіленуі қажет.
«Балабақша балаларына және мектеп оқушыларына ағзаға пайдалы сүт, қымыз бен шұбат беруді міндеттеуді қарастыру қажет», – дейді сенатор.