Депутат Антикор өкілін сұрақтарымен қыспаққа алды
Мәжілісте сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты жетілдіру бағытында заң жобасы қаралған. Төменгі палата құжатты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов алып келген. Депутаттар арасында Сарқұловты біраз қара терге түсіргендер де болды, деп хабарлайдыQaz365.kz.
Мәселен, депутат Бақытжан Базарбек әдеттегідей эмоционалды тұрғыда қыспаққа алды.
«Қазақстанда мыңдаған адам еңбек ететін ондаған кәсіпорын бар. Әрбір адамның үйінде бес-алты адам тұрады деп есептейік. Шенеуніктер қабылдаған қаулылар арқылы біреулерге жер берілді. Өндірістік орындар солай ұстағанның қолында кетті. Ал тұрғындар қазір сотқа беріп жатыр. Бұлай жалғаса берсе, елдегі үш-төрт кәсіпорын жабылады. Ал шенеуніктерге қабылдаған шешімі мен шығарған қаулысы үшін жаза берілген жоқ. Өкінішке қарай, осы заң жобасында кәсіпкерлер ешбір норманы көре алмады. Мен де байқамадым», – деді Бақытжан Базарбек.
Ол шенеуніктердің қаулысының күшін жойған соттардың шешімдері бар екенін айтты. Бірақ ол шенеуніктер ешқандай жауапкершілікке тартылмайтынын жеткізді. Сондықтан осы жағын қалай реттейсіздер деп сұрады.
Бұл сұраққа жауап берген Сарқұлов расымен де әділетсіздіктер болып тұратынын мойындады.
«Мұндай деректер жоқ демейміз. Шынында бар. Қордаланып та қалды. Әділетсіздіктер де көп болды. Дойнг бизнес тағы басқасы бар... Солар жазасыз сіз айтқандардың іске аса беруіне жол ашты. Төтеншежағдайлар бойынша, эскиздер бойынша ешкім ешкіммен мақұлдаспайтын. Жұмыс комитетінде сізбен осы мәселені талқылаған едік», – дейді ол.
Сонымен қатар Алматының таулы бөктерінде заңсыз 54 құрылыс анықталғанын жеткізді. Оның ішінде 35 нысанның мемлекетке қайтарылуы керектігі турасында сот шешімі шыққан. Сарқұлов лауазымды адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, тиісті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.
Әрине, бұл жауапқа Бақытжан Базарбек қанағаттанған жоқ. Депутат мысал ретінде 2021 жылы антикорға Алматының бұрынғы әкімдері Бауыржан Байбек пен Бақытжан Сағынтаевтың үстінен арыз жазғанымен, екеуінің үстінен ешқандай іс қозғалмағанын айтты.