Қазақстанда стриптиз-спортқа дейін ақша бөлінеді, параспорт шетте қалды – депутат жанайқайын жеткізді

Qaz365.kz редакциясы

Депутат Спорт министрлігінің өкілдерін сынады

Фото: ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Ғабдыманапұлы бүгінгі отырыста Паралимпиадалық спорт түрлеріне мемлекеттен қолдау мүлде аз екенін мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Спорттың 180 түрі жайлы айтылып жатыр. 180 түрінің ішіне қарасақ, пенчак, силак, биатл, пинтак, тербол, унифальд, черлинг, спорттық балық аулау сияқты спорт түрлері бар екен. Қазақстан осы спорт түрлерін біле ме екен өзі? Трубаға асылып стриптиз көрсететін спорттың аты қалай еді? Спорт на пилоне деген ол да жүр ортасында», – дейді ол.

Депутат сөз барысында Паралимпиада спорт түрлері бойынша нормаларды қолдайтынын айтады.

«Қарағандыда тұратын Никита Дубайға барған кезде бүкіл халықты озып, чемпион атанып келді. Бірде-бір адам қолдаған жоқ. Олимпиадалық спорт түрлеріне ақшаны төлейміз, ал мүгедектер тоқалдан туған жоқ қой. Үкіметтік емес ұйымдармен кездесіп жатырмыз. Мүгедектер спортпен айналысқысы келеді. Оларда бірде-бір спорт құралы, не ғимаратта бейімділік жасалмаған. Менің өзім жүзуден Паралимпиададан қола жүлдегермін. Мен өз қаражатыма барғанмын. Қалай түсінуге болады?» – дейді мәжілісмен.

Таңсәуле Ғабдыманапұлы Спорт министрлігінің өкілдерін осы уақытқа дейін көздеріңіз көріп, құлақтарыңыз естімей жүрді ме деп сынады.

«Мүгедектер де адам ғой. Алтын әкеліп жатыр. Кезінде Зүлфия алтын медаль алып келген кезде қаражатты қалай беру керектігі турасында да норма болған жоқ. Нидерланды жылына Олимпиадаға 41 млн доллар береді. Біздің Қазақстан 775 млн доллар береді де, Олимпиададан 8 қола әкеледі. Паралимпиаданың жетістігін алып қарап, оларға қанша ақша бөліп отырғаныңызды салыстырыңызшы. Қазақстанда паравелосипедпен айналысатын адам саусақпен санарлық. Соларға велосипед сатып алуға бізде мүмкіндік жоқ. 9 млн теңге тұратын велосипед Қазақстанға жеткенше 36 млн теңгеге шығады. Бүкіл Қазақстаннан ақша жинап, соны сатып аламыз. Ал біз келеміз де стриптиз көрсететіндерге ақша бөлеміз», – дейді мәжілісмен.

Депутаттың сөзінше, Қарағанды облысында ұлттық спорт түрлерінің тізгінін ұстаған азаматтар өз күндерін өзі көріп жүргенін, халықаралық санаттағы спорт шеберінің ондағы айлығы 69 мың теңге екенін айтады.