Мәжіліс отырысында Сайыров Қарағандыдағы оқиғаны айтты
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Қарағандыда "жедел жәрдем" жүргізушісін сабаған күдіктіні қатаң жазалауға шақырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мәжілісте балалар мен әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық жағдайында жауапкершілікті күшейту жөніндегі заң жобасы қаралып жатыр. Отырыста Сайыров Қарағандыдағы оқиғаны айтты.
«Қызметтік міндетін атқарушылардың денсаулыққа жеңіл жарақат келтіргендерге жазаны күшейтуді қолдаймын. Бірақ бұл жерде бір ньюанс бар. Мәселен, Қарағандыда "жедел жәрдем" жүргізушісін бір нақұрыс ұрып тастады. Біз ол нақұрысты бүкіл Қазақстан болып іздеп, таптық. Бірақ қазір оны қатаң жазалайтын еш тетік жоқ. Сол себепті дәл сондай «отморозоктарды» қатаң жазалайтындай шаралар қажет. Мәселен, қылмыстық істе олар бас бостандығынан айыратындай жаза тағайындалуы тиіс. Ішкі істер министрлігі неге сондай бапты енгізбей отыр? Неге сондай адамдарға либералды амал қолданылады», – деді Ерлан Сайыров.
Бұл сұраққа жауап берген Игорь Лепеха іс жүргізіліп жатқанын айтты.
«Бұл факт бойынша айтарым, ұсталды, қылмыстық іс қозғалды. Сотпен бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл жерде әйелдер мен балаларға қарсы қылмыстардың жазасын күшейту туралы айтып отыр. Егер депутаттар қолдаса, біз де дайынбыз», – деді Лепеха.