Депутат жемқорлық жайлы айтты
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әлеуметтік саладағы жемқорлық туралы айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Жемқорлық барлық салада кездеседі. Бала дүние келгеннен бастап, қайтыс болғанға дейін. Сөздің ашығы керек. Құдай сақтасын, адам өлсе, Алматыдағы таудың маңайы, Кеңсай зиратының маңайы… Одан кейін бала дүниеге келетін кезде жақсы дәрігер, перзентхана керек деп тағы іздейді. Одан кейін балабақша, мектеп кетеді. Бала университетке түседі. Осыдан соң үйленіп, отбасылы болады. Осы кезде оларға үй керек. Оны алу үшін үйдің кезегіне тұру қажет. Жұмысқа орналасады. Осы саланың бәрінде – жемқорлық», – дейді Дәулет Мұқаев.
Оның айтуынша, Қызылорда облысы мен Шымкент қаласының тұрғындарынан көп хат түседі екен.
«Мысалы, жай ғана еден жуушы болып жұмысқа орналасу үшін 500 мың теңге сұрайды. Мұғалімдердің ставкасы 1-1,5 миллион теңге болып кеткен. Ондай хаттар өте көп», – дейді депутат.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов халықтан жемқорлық фактісі бойынша келетін шағымдар қалай қаралатынын айтты.
«Осындай дерек нақты болса, оның арызы тіркелуі керек. Ол адам арыз жазуы керек. Жай айта салуға болмайды. Бұл талдау емес, қылмыстық іс болып саналады. Осыған сәйкес жедел тергеу жүргізу шарт. Мұндай жағдай анықталса, қылмыстық іс тіркеліп, тергеу басталады. Оған еш күмән болмау керек. Ондай ақпарат түссе, толық жауап беруге дайынбыз», – деді Саян Ахметжанов.