Ол Ауғанстандағы қазақтарды арнайы үш топқа бөледі
«Талибан» қозғалысы 2021 жылы Ауғанстанға толықтай билік орнатқан соң, өздерін «этникалық қазақтармыз» деп есептеуші жергілікті азаматтар бірнеше рет қазақ билігінен көмек сұрады. Олардың негізгі мақсаты тарихи атажұртына оралып, Қазақстанмен байланыс орнату еді. Осы тұрғыда Ауғанстанға ғылыми сапарлаған шығыстанушы ғалым этникалық қазақтардың жай-күйін көзбен көріп, олардың мәселелерін тыңдап қайтқан болатын. Зерттеушінің Qaz365.kz тілшісі Қадырбек Әулиеатаға берген сұхбатында Ауғанстандағы қазақтарды арнайы үш топқа бөліп қарастырғандығын және тәліптердің қазақтарға деген көзқарасын айтып берді.
Жомарт Жеңісұлы - тарих ғылымдарының кандидаты, PHD доктор, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының халықаралық мәселелер жөніндегі орынбасары, шығыстанушы, тарихшы және парсы тілінің маманы.
«Ауғанстан ислам әмірлігіне барудың сәті өткен жылдың желтоқсан айында түсті. Ол кезде тек бір аптаға ғана барып келдім. Биыл 5-і мен 11-інші ақпан аралығында қайтадан сапарладым. Өзім шығыстанушы болған соң, Ауған мен Иран мәдениеттері өзіме қызық. Ондағы қазақ диаспорасының саны, олардың жай-күйі және елге көшіру мәселелері бойынша зерттеу жүргіздім. Иран ислам республикасында жиі боламын. Ауғанстанда қазаққа жақын тайпалардың бар екендігін білемін. Енді барлығын да көзбен көріп, өз қаражатыммен тәуекелге бел будым», - дейді профессор мырза.
Оның пікірінше, Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан құрамыз» дегендей, әрбір азамт елі үшін маңызды мәселелерге араласуы керек дейді.
«Бір аптадай Мазари-Шариф, Тахар, Саманган, Құндыз, Мойынқара деген жерлерде болдым. Осы жолы бармаған жерлерге де соқтым. Ең алдымен ғылыми сапарым үшін хат жаздырдым. Сонымен бірге Тахар провинциясының әкімдеріне кіріп, келгендегі мақсатымды түсіндіріп, олардың алдарынан өттім. Тахарда найман ағайындарымыз да тұрады. Олармен жолығып, қыпшақ және басқа да адамдармен жеке-жеке сұхбаттастым. Шамамен жүзден аса азаматпен сөйлесіппін. Оның барлығын сурет және бейне материалдарға түсірдім», - дейді зерттеуші.
Кейіпкеріміз Ауғанстандағы қазақтарды арнайы үш топқа бөледі.
«Біріншіден Ауғанстанға ХХ ғасырдағы совет билігінің қуғын-сүргінінен қашқан қазақтар барған. Бүгінде олардың тарихи отандарымен байланыстары бар. Өздерінің руы, қай жерден келгені, жеті аталары мен ана тілдерін де біледі. Қазақтың салт-дәстүрін ұстанады. Көбісі ол жақта қазақтар жоқ дейді ғой. Керсінше қазақтармен кездесіп, олардың елдегі туыстарымен де байланыстым. Қазір олар өзара байланысып жүр.
Екінші топтағылар XVIII-ХІХ ғасырдың басында қоныс тепкендер. Олардың саны да айтарлықтай баршылық. Бірақ, Қазақстанның қай өңірінен келгендерін білмейді. Патша үкіметінің кезінде түрлі әкімшілік реформалар болған. Сондай кезде көшкендер ғой. Туған жерімен байланыстары мүлдем жоқ. Тек рулары мен Қазақстанды ғана біледі. Жеті аталарын білмейді. Қазақ ішінде қаңлы, оймауыт, қоңыратпыз т.б. дегендей айтады. Бірақ та ішіндегі білімді азаматтары ізденіп, атамекендегі өз руластарымен байланысқан. Бұлардың ХХ ғасырда келген қазақтардан айырмашылығы тілдері өзбек ағайындарға ұқсас. Мен бұлардың тілін қыпшақ тіліне жатқызамын. Қазақтың да көп сөздерін сақтап қалған. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» деген нақылдарымызды жақсы біледі. Киіз үйдің құрылымы мен қазақша атауы да естеріңде сақталған. Бұлар өзбек халқына беймәлім нәрсе ғой. Өзбектерден менталитеттік айырмашылықтары бар. Қазақтың қонақжайлығына қатты берік ұстанған.
Үшінші кезеңдегісі Алтын орда ыдырап, Қазақ хандығы құрылғанда қалып қойғандар. Олар «қаңлымыз» дейді. Бір қызығы өздерің «өзбектерміз» деп есептемейді. Тәжік деп те емес, қаңлы немесе қоңыратпыз деп айтады. Қазақпен жақындықтарын біледі. Бұлар енді жергілікті халықпен араласып кеткен. Антропологиялық типтерінде де өзгешеліктері бар. Мұнда бір мәселе туындайды. Оларды бері тартсаң қазақ, кеудесін итерсең ауған болып шығады», - дейді ол.
Жомарт мырза Ауғанстандағы этникалық қазақтармен кезең-кезеңімен жұмыс жүргізу керектігін айтады.
«Біз бірінші топтағыларды міндетті түрде елге қайтаруымыз қажет. Екінші топтағылардың тек қалағандарын қайтарсақ. Соңғы үшінші топтағылар бір млннан асып жығылады. Оларға мәдени іс-шаралар өткізіп, көздерін ашу керекпіз. Былайша айтсам, жұмсақ күштің құралы ретінде дайындауымыз қажет. «Сыртта да бір үйір жауынгерлерін бослын» деген сөз бар. Бір үйіріміз солардың болғаны жөн. Ұзақ уақыт стратегиялық жоспарлайтын ел солай істейді.
Қытайлар «Конфуций орталығын» жан-жақтан ашып жатыр. Түріктер «Тұран ұйымы» деген мәселені көтеріп жүр. Орыстар «Руский мир» деп ұрандатады. Осындай жағдайда өз қолымыздағы нәрсені пайдаланбау, өте ақымақтық деп есептеймін. Бұған «Талибан» үкіметі мүлдем қарсы емес. Олар қайта Қазақстанмен жақсы қарым-қатынаста болуды қалайды. Бұл олар үшін де үлкен мүмкіндік. Кеңінен қарасақ, Ауғанстан көршіміз әрі біздің тауарларымызды шығарушы нарық. Пәкістанға одан ары оңтүстік-Азия, Үнді мұхитына шығуға болатын үлкен жол бар. Осы тұрғыда ойласақ, өзімізге үлкен пайда әкеледі. Біз бұдан мүлдем ұтылмаймыз», - деген ойда сұхбат беруші.
Айтуынша, жат жұрттағы қандастардың мәселелері де баршылық.
«Олар ең бірінші кезекте біз секілді әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған. Зейнетақы, жәрдемақы т.б. сақтандыру қорлары жоқ. Қолдарынан не келеді сонымен ғана айналысады. Біреуі сауда, біреуі ауыл шаруашылығымен күнелтіп жүр. Бұрын қазақтар шапан тігумен, ат әбзелдерін және тері өнімдерін жасаумен айналысыпты. Олардың кейбірінің арасында оқыған азаматтар да бар. Мен мұғалім, журналист, ғылым саласындағы қандастармен де кездестім. Кейбірі құрылыс жұмыстарымен де шұғылданады. Біздің Қазақстанға қажетті мамандықтар ғой. Барлығын да өзімізге тиімді пайдалануға болады. Бізде теріні босқа тастап жатыр. Олар теріден неше түрлі бұйымдарды жасап шығарған. Кезінде олар Қазақ хандығын парсы әлемінен қорғағандардың ұрпақтары ғой. Оларды неге алдырмаймыз», - дейді ол.
Жомарт Жеңісұлы билік пен елшіліктен қазақтарды анықтауға көмек керек болса, өзара ынтымақтасып жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізеді.
«Қандастардың басты мәселесі ұлттық болмысын сақтап қалу. Көбісі басқа ұлттармен құда-жекжат болуда. Ауған билігі тәжік мектептерін жабуды қолға алыпты. Өзбек пен қазақ халқына тиісіп жатқан жоқ. Оларға мәдени көмек қажет. Виза мәселесін де шешу керек. Саудамен айналысатындарға елге жол ашайық. Бізде Ауғанстанды ислам мемлекеті деп қорқады. Тіпті, оларда терроризм мен радикалзим жоқ. Қайта уахабизм-сәләфизм мүшелерін өлім жазасына кеседі. Тәліптердің бірінші жауы болып саналады. Өзіміз секілді Әбу Ханифа мазхабы мен Матруди ағымын ұстанушылар ғой. Менде блиік болса, олардың тұрып жатқан жеріне ауруханаларға дейін салатын едім», - дейді тарихшы.
Биліктің солтүстік облыстарға осы мәселені тиімді пайдалануға болатындығын да жеткізді.
«Мықты бизнесмендер солтүстіктегі босап жатқан ауылдарды берсе, керек жарақтардың барлығын өзіміз жасаймыз дейді. Сол жерге бидай егіп, қоймада саламыз деген. Оны өздері Ауғанстан мен Иранға экспорттамақшы. Тек бізге мемлекеттен көңіл бөлу керек. Мемлекеттің болашағы үшін қолға алынатын нәрсе. Солтүстік облыстарды қазақтардың саны 70%-дан асты деп қуанып жүрміз ғой. Мынандай жаһандану заманында қайтадан 50%-ға түсуі оп-оңай. Бізге Қарабахтан көшкен армяндар, Ресейдегі мобилизациядан қашқан орыстарға дейін келді ғой. Сондықтан ауғандағы қазақтарға дұрыстап қарауымыз керек. Біз оларға көмектессек, Талибан үкіметі де сұраушылары бар деп жақсы сынай танытады. Оларға қаржының керегі жоқ. Өздерінің кәсіптер бар», - дейді ол.
Қазақстан билігіне ауған қазақтары туралы дұрыс ақпарат бармайды деген пікірде.
«Бізде аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» дейді. Әлі күнге дейін бір жүйе қалыптасып келеді. Осындай мәселемен нақты мамандар айналысса ғой. Сыртқы істер мен сараптама орталықтарында креслода отырып, кабинеттен шықпай жұмыс істеудің керегі жоқ. Өздері барып немесе соны көрген адамдармен тікелей жұмыс атқарса болды. Елге жаны ашитын адамдар болса, бәрі дұрыс болады. Міне, сонда «Жаңа Қазақстан» құрылады», - дейді шығыстанушы ғалым.
Оның байқауынша, тәліптердің қазақ билігіне теріс саясаты жоқ.
«Талибан бізді өздеріне одақтас ретінде қарайды. Басқа хазарилер мен тәжік ұлттарына қарағанда деп айтайын. Тахар әкімдігімен сөйлескенде де олардың айтқаны осы. «Екі елдің өзара достық жақындығы болған соң, келдіңіз ғой» дейді. Шынында да Ауғанстанда өзімді қауіпсіз сезіндім», - дейді ол.
«Қазақстанда әрбір рудың өзінің қорлары бар. Солар өздерінің туысқандығын осындайда көрсетсе, өте дұрыс болатын еді. Сондағы өз ағайындарымен байланыс орнатулары керек. Қазақтарға ұлттық аспаптарымызы апарып, төл мәдениетімізді үйретсін. Түріктер бұл жағынан мықты бәрімізге үлгі. Бірақ, түркі халықтарының ішіндегі ең үлкені біз. Басқа халықтарға осылай үлгі болу керекпіз. Сондықтан да өз саясатымызды жүргізейік. Өзін патриотпын деп есептейтін адам, қолдан келгенді жасау керек», - деп түйіндейді Жомарт Жеңісұлы.