Еркектердің де құқығы тапталып жатқан жоқ па?
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заң жобасы талқыланып отыр. Депутат Аманжол Әлтай осы ретте еркектердің де құқығын ұмытып жатқанымызды еске салды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Отбасы – өте күрделі институт. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда түрлі келеңсіз оқиғалар болып жатыр. Солардың қатарында ер- азаматтан қысым көрген әйел ғана емес, әйелдерден қысым көретін еркектер де баршылық. Сонымен бірге өзінің қартайған шағында балаларынан қысым көріп отырған қарт ата-аналар да жетерлік. Біздің буынымызда «әкеммен ақылдасайын», «әкемнен сұрайын», «әкем біледі» деген түсінікпен өскен буын едік. Қазір «мамам біледі», «мамамнан сұранайын», «мамам шешеді» дейтін балалар көбейіп бара жатыр. Сондай-ақ кеше ғана Қарағандыда болған 78 жастағы кейуананың өз баласынан зорлық-зомбылық көруі – осының бірден-бір себебі. Өзінің білегінен әлі кетіп, бойынан қуат кеткен шағында өзінің туған балаларынан зорлық-зомбылық көретін ата-аналар да көбейіп бара жатыр», – дейді Аманжол Әлтай.
Айта кетейік, Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасының жаңа редакциясында зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамды қорғау үшін сот ерекше жағдайларда отбасында жанжал шығарып, құқық бұзған адамды белгілі бір мерзімге жарымен, бала-шағасымен бірге тұруға тыйым салу түріндегі құқықтық ықпал ету шарасын қолдануға құқылы.