“Шайтан жолымды кесіп кетті”: аштық жариялаған Арыстанбек Мұхамедиұлы Гаага сотына дейін баратынын мәлімдеді

Qaz365.kz редакциясы

Мәдениет және спорт министрі болған Арыстанбек Мұхамедиұлының соты бүгін де жалғасты

Ел.кз

Мәдениет және спорт министрі болған Арыстанбек Мұхамедиұлының соты бүгін де жалғасты. Экс-министр «Дипломат» қонақүйін бұрын бірге басқарған Серік Қарымсақовпен қажасып, өзіне қарсы айыптаулардың бәрін жоққа шығаратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz. 

«Маған қарсы қозғалған қылмыстық істерді зерттесеңіз, одан заңсыздық пен шайтанның дәуренін көруге болады. Болған істердің бәрі Президентке жетсе, бұл жағдай түбегейлі түрде өзгерер еді. Менің «Дипломат» қонақүйіме кіруімнің басты себебі – бизнес және қонақжайлық университетін ашу болатын. Ол жерде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қарастырылған», – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Экс-министр ұсталмас бұрын үлкен жоспары болғанын айтты. 

«Мен әрдайым жасампаз жолмен жүрдім. Халықаралық киноакадемия, университет ашу жоспарда бар еді. Бірақ шайтан жолымды кесіп кетті. Бұл жоспарларды бәрібір мен іске асырамын. Мені мақсатым алға жетелей береді. Құрметті сот, бәлкім, үкіммен менің бірнеше жыл өмірімді аларсыз, бірақ менің арманымды ешкім тартып ала алмайды. Мақсат біреу – маған қарсы айыптаулардың бәрі ойлап табылған өтірік екенін дәлелдеу.
Прокурор маған 12 жыл сұрап отыр. Мұхамедиұлы қалады, кездесті, тапсырма берді деп тергеу айта береді, факттар қайда? Үлкен мінберден де айтармын. Халықаралық Гаага соты болар. Соңына дейін барамын», – дейді ол.

Еске сала кетейік, былтыр экс-министр «Алтын адам» шеруі бойынша істе кінәлі деп танылып, 8 жылға сотталған еді. Таяуда тағы бір іс бойынша оның жазасы 11 жылға дейін ұзарған. Бұл жолы «Дипломат» қонақүйіне қатысты істе экс-министрдің тағы сот ісі қаралып жатыр. Оның адвокаты мен әйелі де сотталған.