Сөз жүзінде пара беруге уәде еткендер де жазалануы мүмкін
Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза әлеуметтік желідегі парақшасында сөз жүзінде пара беруге уәде еткендер де жазалануы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев Мәжілістегі «Параны сұрау мен параны ұсыну үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу туралы» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысқан. Ол осы жиында параны ұсынатындарды да жазалау қажеттігін айтқан.
«Жалпы пара алу, пара беру қылмыс екенін бәріміз білеміз. Енді параны сөзбен ұсынуда қылмыс болмақ. Мәжіліске осындай ұсыныс түсіп жатыр. Заңгерлер мен адвокаттар, прокурорлар мен соттар жиналды. Әртүрлі ой айтылды. Бұл заң қабылданса, «рақметіңді айтамын», «осы мәселені шешсең, ренжітпеймін», «бір соғым менен», «көмектесші, сені де ұмытпаймыз ғой!» деген сөздер үшін сотталып кетуге болады. Демек қылмысты әлі жасамасаңыз да, тек қылмысқа ынтаңыз бен зауқыңызды сөзбен айтсаңыз, сізге қылмыстық іс қозғауға болады. Кейбір адвокаттар бұл заңға қарсы шықты. «Адамның сөзі – ол жәй ғана сөз. Пара алса, қылмыс, параны ұсынса, қылмыс емес» деді адвокаттар тобы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен прокуратураның пікірі басқаша. Заңды шығаратын депутаттар ойланып отыр. Мен де ойланып қалдым. Бір жағынан агенттік өкілдерінің сөзі дұрыс, ал бір жағынан адвокаттардың сөзінде де жан бар», – дейді Самат Нұртаза.