Бишімбаевтың әрекетін ақтап жатқан блогерлер жазалана ма – Бас прокуратура пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы

Блогерлердің бұл әрекеті қаншалықты заңды

Фото: ашық дереккөзден

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев әйелін өлтірді деген күдікпен қамауға алынған экс-министр Қуандық Бишімбаевты ақтап жатқан блогерлерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Бишімбаевтың ісі, өздеріңізге белгілі, сотқа жіберілді, тиісті мемлекеттік айыптаушы болады. Тараптар алқабилер сотына арыз беруге құқылы. Бұл істі қадағалайтын прокурор бар», - деді Әсет Шындалиев.

Ал тілшілер Бас прокурордың орынбасарына Бишімбаевты қолдап, пост жазған кей блогердің әрекетінің заңдылығын сұрады. 

«Сот талқылауы барысында бұл фактілердің барлығына баға беріледі», - деп қысқа жауап берді ол.

Еске салсақ, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды.

Қылмыстық іске президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, істі ІІМ басшылығына ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Жақында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Бишімбаевты ақтау науқаны басталып кеткенін айтып, дабыл қаққан еді.