Ол қазір ақпараттық соғыс жүріп жатқанын айтты
Әйелін өлтірді деген күдікпен қамауға алынған экс-министр Қуандық Бишімбаев халықтың пікірін өзгертуге тырысып жатыр. Бұл туралы тілшілерге берген сұхбатында Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қуандық Бишімбаев деген ескі жүйеде жұмыс істеп, қоғамды қалай алдау керектігін жақсы біледі. Қоғамдық пікірді бұруды өте жақсы меңгерген адам. Қазіргі кезде қайтыс болған Нүкенова ханымның тарапына жасалып жатқан шабуылдар – сол әулеттің қоғамдық пікірді қалай бұрмалауды жақсы меңгергенінің көрінісі. Олар сонымен қатар желіде Салтанат Нүкенованың ағасы Бишімбаевтың 10 жасар қызын зорламақ болған деген ақпарат таратты. Мұның бәрі манипуляция», – дейді Ринат Зайытов.
Оның айтуынша, кісі өлімімен аяқталған істерді ақтау мүмкін емес. Сонымен қатар ол қазіргі кезде ақпараттық соғыс жүріп жатқанын айта кетті.
«Өкінішке қарай, ақпараттық тартыста жәбірленуші тарап ұтылып жатыр», – дейді депутат.
Ринат Зайытов Қазақстанда әділетті соттың бар екеніне де сенбейтінін жеткізді. Ол сұрақ қойған тілшінің өзіне «Қазақстанда әділетті сотты соңғы рет қашан көрдіңіз?» деп сауал тастады. Журналист «бұл риторикалық мәселе» деп құтылғысы келгенімен, депутат бұл факті екенін алға тартты.
«Біздің сот жүйесі жеке мемлекет секілді жұмыс істейді. Істі ашқысы келсе ашады, жапқысы келсе жабады. Халықтың қатысуымен ашық сот жасау керек дейтіндей, Бишімбаев деген оппозициялық тұлға ма? Халықтың сөзін сөйлеген адам ба, жәбір көрген адам ба?» – дейді Ринат Зайытов.
Еске салсақ, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды.
Қылмыстық іске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, істі ІІМ басшылығына ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Жақында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Бишімбаевты ақтау науқаны басталып кеткенін айтып, дабыл қаққан еді.