Айыпталушының қылмысқа қатысы бары дәлелденсе, 10 жылдан 15 жылға дейін сотталуы мүмкін
Шымкентте қала әкімінің орынбасары болған Мақсұт Исаховқа қатысты сот отырысы басталды. Ол былтыр жазда қамауға алынған болатын, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Шымкент әкімінің экс-орынбасарына қатысты дерек қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып жатыр. Тергеу материалдары 21 томға жинақталған.
КТК арнасы экс-шенеунік қомақты ауызбастырық беріп, тергеуден сытылып кеткісі келгенін жазды. Бұл туралы мемлекеттік айыпталушы айтқан.
«Кездесу кезінде Исақов Сарбасовқа 200 мың долларды алдын ала келісілген жерге жеткізетінін айтады. Сөйтіп өз адамы арқылы қаладағы дүкендердің біріне 200 мың долларды пакетпен бірге тастап кетеді. Бұл қомақты қаражатты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тәркіледі», - дейді прокурор Мұхтар Арыстанов.
Бұған дейін шымкенттік блогер Айгүл Орынбек оның кәсіпкермен сөйлескен аудио жазбасын желіге жүктеген еді. Ол жазбада жергілікті кәсіпкерлердің бірі 2020 жылы қаладағы жылу құбыр жүйесін ауыстыратын мемлекеттік конкурсқа қатысқан. Ең төменгі бағаны ұсынса да, ашық конкурстан шеттетіліпті. Кейін сотқа беріп, жеңіске жеткен. Әкімдік сот шешімінен кейін бес күннен кейін келісімшарт ұсынуға тиіс еді. Алайда олай болмай шыққан. Осы тұста Мақсұт Исахов кәсіпкерге хабарласып, пара үшін 187 миллион теңге сұрайды.
Әкім орынбасарының пара сұраған сәтін кәсіпкер диктофонға жазып алған. Мақсұт Исахов нақты талап қойған: Яғни конкурстан бас тарт немесе 187 миллион теңге әкел деген. Оның үстіне, ақша қолма-қол қажет екендігін жеткізген. Кәсіпкер осы бойынша да құқық қорғау органдарына шағымданыпты, бірақ ешкім мән бермеген.
Енді айыпталушының қылмысқа қатысы бары дәлелденсе, 10 жылдан 15 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Исақовтың өзі бірде-бір айыппен келіскен жоқ. «Ешкімнен ешқашан пара алған да, берген де емеспін» деуден таңбады. «Керісінше, Манат Сарбасов кездесу кезінде 500 мың доллар бермесең, бәрібір қамайды» деп қоқан-лоққы жасады дейді экс-шенеунік.
«Алты балам бар, оның бесеуі кәмелеттік жасқа толмаған. 75 жастағы кәрі анам да менің қамқорлығымда. Соған қарамастан, 8 айдан бері тергеу кезінде көрмеген қорлығым жоқ. Бір кісілік камераға отырғызып қойды. Ешкімнің басына мұндай сынақ бермесін. Айып етпеңіздер», – деп, күдікті Мақсұт Исахов көз жасына ерік берді.