Тағы екі зауыт қайдан шықты?
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың мәліметіне күмәнмен қарады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министр бүгін үкімет отырысында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі туралы ақпарат берді
«Менің сұрағым бар. Маған алдын ала берілген ақпаратқа сәйкес, 35 жаңа зауыт салынады деп еді, ал сіз баяндамаңызда 37 жаңа зауыт салынады деп айттыңыз. Тағы 2 зауыт қайдан қосылды?» - деп сұрады Премьер-министр Нысанбаевтан.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев тағы екі зауыттың Астана қаласынан қосылып отырғанын айтты.
«Тағы екеуі Астана қаласынан қосылды. Кешірім сұраймын, кеше баяндамаға қосты. Өткен аптада презентацияға алдын ала беріп қойғанмыз», - дейді Экология министрі.
Премьер-министр Олжас Бектенов "37 жоба бұл іске қосылатын нақты жобалар ма?" деп сұрады. Нысанбаевтың айтуынша, бұл жобаларға қатысты мәселелер күн сайын уәкілетті органдармен талқыланады.
«Әрбір әкімдікте күн сайын облыс әкімінің тиісті орынбасарлары, сондай-ақ тиісті басқарма қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр. Әрбір жоба қаралды. Мұнда бұл жобалардың дайындық деңгейі өте жоғары», - деді министр.
Олжас Бектенов бұл мәселені бақылауда ұстауға уәде беріп, министрден нақты деректер беруді талап етті.