"Журналист құқығын шектеуге жол бермейміз": Балаева Бишімбаев сотына қатысты пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы

Кеше БАҚ өкілдері сот отырысын белгіленген бөлек бөлмеде отырып көрді

Фото: ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі

Сот отырысына қатысты журналистердің мүддесі қорғалатынын жеткізді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

«Министрлік әрқашан журналист құқығын шектеуге жол бермеу, ақпаратқа еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету және обьективті ақпарат тарату ұстанымын берік сақтайды», - деді министр.

Бұл ретте кешегі сот отырысында арнайы орынның болмауына байланысты БАҚ өкілдері сот отырысын белгіленген бөлек бөлмеде отырып көрді.

Алайда БАҚ өкілдеріне тиісті орындар болуы керек. Осы жағдайды ескере отырып, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, журналистерді қажет орындармен қамту жұмысын жүргізетін болады.

«Жалпы, БАҚ өкілдерін сот процесін жариялау кезінде бірқатар этикалық аспектілерді, атап айтсақ, заң үстемдігін, бейтарап әділеттілікті ескеріп, жалған ақпараттың таралуынан және кез келген формада сот қызметіне араласудан сақ болуға шақырамын», - деп жазды Аида Балаева.

Айта кетейік, 11 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы басталған. Соттан хабар таратуға барған журналистер процесті басқа қабаттағы баспасөз бөлмесінде тұрған монитордан бақылауға мәжбүр болды.