Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеуге шақырды

Qaz365.kz редакциясы

Президент құзырлы органдарға құнды мұраға қатысты тапсырма берді

Фото: Ақорда

Бүгін Атырау қаласында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтіп жатыр. Президент Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеуге шақырды, деп хабарлайды Qaz365.kz

Президент радикалды неофиттардың ұлттық құндылықтарға жасап жатқан ашық шабуылы жайлы айтты.

«Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық.

Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы көпшілікті Қожа Ахмет Ясауи мұраларына айрықша назар аударуға шақырды.

«Дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты. Сондай-ақ біздің өңірде өнер-ғылымның өркендеуіне және Әл-Фараби сияқты ұлы ойшылдардың тарих сахнасына шығуына ықпал етті. Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ президент құзырлы органдарға Түркістандағы Ясауи қабіріндегі көне жапқышты қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді.

«Осы орайда Ясауи кесенесіне қатысты көне жәдігер туралы айта кеткім келеді. Ислам елдерінде әйгілі дін қайраткерлерінің бейіті міндетті түрде жапқышпен жабылады. Мәдинадағы Мұхаммед Пайғамбардың қабірі де осылай бүркелген. Бұл – Ислам өркениетінің дәстүрі. Ал қасиетті Түркістандағы Ясауи қабірінде көптен бері арнайы жапқыш жоқ. Талай заманнан келе жатқан көне жапқышты қалпына келтіру жұмысы біраз жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған. Мен құзырлы мемлекеттік органға осы құнды мұраны тезірек сапалы жөндеуден өткізіп, тарихи орнына қайтаруды тапсырамын», – деді Тоқаев.