Назарбаевтың алғашқы баспасөз хатшысы қайтыс болды

Qaz365.kz редакциясы

Оның қайтыс болғаны туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева хабарлады

Фото: assembly.kz

Мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі журналист Ғаділбек Шалахметов 81 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның қайтыс болғаны туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева хабарлады.

«Ғаділбек Мінәжұлы БАҚ саласындағы еңбек жолын Алматы телестудиясында бастап, Қазақ теледидары бағдарламаларының редакторы, бас редакторы, Қазақ ССР Телевизия мен радио хабарлары жөнiндегi Мемкомитетiнiң төрағасы қызметтерін атқарды», - деп жазды Аида Балаева өзінің Facebook парақшасында.

Ғаділбек Шалахметов 1991 жылы Президенттің баспасөз хатшысы болып тағайындалып, ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрiнiң бiрiншi орынбасары – Қазақ ССР Телевизия мен радиохабарлары жөнiндегi Мемкомите­тiнiң төрағасы болып жемісті еңбек етті.

«Майталман маман мемлекетаралық «Мир» телерадиокомпаниясының негізін қалап, БАҚ саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Компанияның құрылуы отандық телевизиияның дамуына жасалған стратегиялық маңызды қадам болды. Ғаділбек Мінәжұлының жарқын бейнесі, кәсіби шеберлігі мен БАҚ саласындағы жарқын жетістіктері отандық журналистика тарихында өшпес із қалдырары сөзсіз», – деді министр.