Заңнаманы кезең-кезеңімен бекіту көзделген
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Жиында Әділет министрі Азамат Есқараев құқықтық актілердің жобаларын орыс тіліне аударуды қамтамасыз ете отырып, қазақ тілінде әзірлеу тәжірибесін енгізетіндерін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол норма шығару қызметінде қазақ тілін одан әрі дамыту мақсатында нормативтік құқықтық актілердің жобаларын орыс тіліне аударуды қамтамасыз ете отырып, оларды қазақ тілінде әзірлеу міндетін кезең-кезеңімен заңнамалық бекіту мүмкіндігін пысықтау міндеті көзделгенін атап өтті.
Бірінші бағыт – терминология мәселесін шешу. Заңнамалық актілердің мәтініне қойылатын талаптардың бірі – терминдердің бірізділігі. Есқараев Республикалық терминологиялық комиссия бекіткен терминдер ұсынымдық сипатқа ие екенін, сондықтан, іс жүзінде, Комиссия мақұлдағаннан кейін де, заңгерлер мен филологтар арасында бір терминді әртүрлі етіп аудару төңірегінде пікірталастар жиі туындайтынын айтады. Сондықтан да қазақша терминологиялық сөздіктерге ресми мәртебе беру және оларды нормашығару процесінде қолданудың міндеттілігін енгізу қажет деп санайды.
Ал екінші бағыт – тиісті ұйымдастырушылық шараларды қабылдау. Осы мақсатта министрлік заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу бойынша мамандардан заңгерлерден және ғалымдардан құралған пул тізімін қалыптастырылған. Болашақта сол мамандарды заң жобаларын әзірлеу процесіне тарту көзделіп отыр.
Әділет министрі қазақ тілінде заң жазуға, нормативтік құжаттарды түзеуге "икемсіз" деген түсініктен арылып, мемлекеттік тілдің мол мүмкіндігін кеңінен пайдалану қажеттігін айтты. Алдағы уақытта бірлесіп атқарар жұмыстарда айқын нәтижелерге қол жеткізетініне сенімін білдірді.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссияның 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.