Мәжіліс депутаты салафиттерден кейін енді тәңіршілерді тексеру керектігін айтты

Qaz365.kz редакциясы

Ол діни сенімді таңдау әр адамның өз құқығы екенін айтты

Фото: parlam.kz

Елімізде тәңіршілдікті дін ретінде мойындауды талап ететін петиция жарияланды. Осыған қатысты Мәжіліс кулуарында депутат Еділ Жаңбыршин пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Тәңіршілдік деген дін емес. Біздің ата-бабамыздың ұстаған діні – ислам. Сондықтан бұлар адасушылар болуы мүмкін. Дұрыстап оқысын, зерттесін. Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата, Шәкәрім, Абайлар адаспаған шығар деп ойлаймын», - дейді Еділ Жаңбыршин. 

Ол өзінің ислам дінін ұстанатынын айтты. Алайда діни сенімді таңдау әр адамның өз құқығы екенін жеткізді.

«Әркім өз зерттеулерінің, ізденісінің, сенімдерінің нәтижесінде дінді өзі таңдайды. Ең бастысы дін терроризм мен экстремизмнің құралы болмауға тиіс. Дінді саяси құралға айналдыруға болмайды. Ол қоғамда дау тудырмауы керек. Егер мұндай белгілер болса, онда бұл дін емес. Бізде тиісті мемлекеттік органдар бар. Олар петиция мен ұсыныстарға өздері жауап беріп, қарастырады», – деді депутат.

Кеше Epetition.kz ресми сайтында Қазақстанда тәңіршілдікті дін ретінде тануды сұрайтын петиция жарияланды. Үндеу Әділет министрі Азамат Есқараевқа жолданған.