Депутат құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге шектелген адамдардың тізімі анықталғанын айтты
Мәжілісте бүгін ойын бизнесін, лудоманиямен күресті реттеуге арналған заң жобасы бүгін тағы қарастырылғалы отыр. Ол бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Депутат Елнұр Бейсенбаев осы ретте Үкіметке, блогерлерге бірқатар мәселелерге назар аударуды шақырды.
«Бұл ең көп талқыланған заң жобасы болды. Оның көтеріліп, заң жобасы ретінде әзірленіп, үздіксіз талқыланып келе жатқанының өзіне 2 жылдың жүзі толды. Үкіметтің қорытындысын алудың өзіне 1,5 жылдай уақыт кетті. Қоғамдық диалог алаңдарында да, Парламент қабырғасында да кеңінен талқыланды. Күні кеше Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысында да лудоманияға қарсы іс-әрекеттер жоспарын әзірлеу жайы арнайы сөз болды», - дейді ол.
Бейсенбаев Мемлекет басшысының өзі бірнеше рет арнайы тоқталып, оны ауыздықтау жөнінде нақты тапсырма бергенін атап өтеді.
Депутат құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге шектелген адамдардың тізімі анықталғанын айтты. Бүгінгі таңда 200 мыңнан астам кәмелетке толмағандар үнемі құмар ойындар ойнайтынын, олардың басын энергетик сусындар айналдыратынын жеткізді. Сол себепті ол сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатпау керек деп отыр.
«Букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасы мүмкіндігінше шектелді. Мұнда мен блогерлерге, әлеуметтік медиа әсер етушілеріне букмекерлік кеңселерді жарнамалау және насихаттау енді заңсыз екенін ескерткім келеді. 200 мың теңгеден бастап айыппұлдар қарастырылған», - дейді Бейсенбаев.