Руслан Берденовтің Бэтменнің киімін киіп видео түсіргені партияның абыройына нұқсан келтірмей ме?

Qaz365.kz редакциясы

Respublika партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров пікір білдірді

Видеодан скриншоттар

Жақында, Мәжіліс депутаты, Respublika партиясының мүшесі Руслан Берденов Астанадағы «Абу-Даби Плаза» төбесінде плащ киіп, суперқаһармандық позицияда видео түсірген еді. Бұл желіде қызу талқыланды. Осыған қатысты әріптесі, Respublika партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Біріншіден, бұл ешқандай Respublika партиясының іс-шарасы емес. Партияға қатысы жоқ. Бұл нақты депутат Руслан Берденовтің өзінің жеке бос уақытында түсірген видеосы. Ол әлеуметтік жобаға қатысты бір видео түсірген. Шыны керек, ол мен және партия мүшелерімен келіскен жоқ. Депутат та адам. Бос уақытын пайдаланған. Бастысы, заңды бұзбаса болғаны, заң қабылдау жұмысымызға әсер етпеуі тиіс. Бірақ құптаймын, құптамаймын деген баға бере алмаймын», - дейді Айдарбек Қожаназаров.

Ол бұл жағдай партияның беделіне еш әсер етпейді деп отыр. 

Айта кетейік, бұған дейін мәжілісмен Руслан Берденов әйгілі комекс кейіпкері Бэтменнің костюмін киіп, Астанадағы ең биік ғимараттың үстіне шыққан видеосы тараған еді. Ол 1 маусым – балалар мерекесіне орай осындай қадамға барғаны туралы айтылған. Бейнежазбаны мобилограф Әділет Рахметолла түсірген.

Руслан Берденов халық арасында құмар ойындар мен букмекерлік орталықтарға тыйым салу туралы бастама көтеру арқылы танымал болған. Желі қолданушылары депутаттың бұл әрекетіне оң баға беріп, «Олимпбэтмен» деп атап жатса, кейбірі «еріккен депутат» деп сынады.