Шығыста Қазақстан халқы Ассамблеясының XXX сессиясы өтті

Qaz365.kz редакциясы

Өңірде Достық үйлерінің жұмысын жақсарту бағытында айтуылы жұмыстар атқарылып жатыр

Облыс орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXX сессиясы өтіп, Ассамблея төрағасының орынбасары, Президент әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Айта кетсек, соңғы екі жылда Достық үйлері жергілікті қауымдастықтың, үкіметтік емес ұйымдар мен жастардың ортасына айналып үлгерді. Мұнда түрлі шаралар өтіп, ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына ұйыстырып отыр. 

“Президент атап өткен Тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық барша қазақстандықтарға ортақ құндылық. Ассамблея – жалпыұлттық бірегейлікті нығайтуда маңызды рөл атқарады. Әлемде баламасы жоқ, конституциялық мәртебесі бар бірегей құрылым еліміздегі барша этносты бір шаңырақ астында біріктіріп отыр. Мемлекет басшысы айтқандай, біз тек ортақ күш-жігерімізбен болашақ жетістіктердің сенімді іргетасын қалап, саясатта, экономикада, мәдениет пен қоғамда түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыра аламыз”, – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Өңірде Достық үйлерінің жұмысын жақсарту бағытында айтуылы жұмыстар атқарылып жатыр. Қызметкерлердің жалақысын көтеру үшін, түрлі іс-шаралар өткізу үшін және материалдық-техникалық базаны нығайтуға қосымша қаражат қарастырылған. 

Аудандарды Достық үйлерінің ұжымы бүгінде оқу-тәрбие, мәдени-ағарту жұмыстарына да белсене қатысып жүр. Облыстың қалалары мен аудандарында тіл үйретуге арналған 25 үйірме жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта қазақ тілін тегін оқытатын 100 орталық ашу жоспарланып отыр. 

“Шығыс Қазақстан достық пен келісімнің қадір-қасиетін біледі. Бұл сөздерді облыстағы ҚХА мүшелерінің су тасқынынан зардап шеккен өңірлер тұрғындарына гуманитарлық көмек жинағандарынан-ақ байқадық. Бір ғана Ассамблея арқылы облыс 140 тоннадан астам жүк жөнелтті. Сіздерде көптеген бірегей жобалар мен идеялар бар. Олардың қатарында Достық үйіндегі медиация кабинеттері, мектептегі ҚХА, «Қонақжай отбасы» жобаларын ерекше атап өтуге болады. Шығыс Қазақстанда 8 Достық үйі бар – еліміздегі басқа еш аймақта мұндай жерде жоқ”, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов.

Сондай-аймақ басшысы Ермек Көшербаевтың тапсырмасымен сатып алынған жаңа шағын автобустың кілті Ассамблеяның Шығыс Қазақстан облысындағы өкілдеріне табыс етілді.