Зайытов комитетте әріптесі Нартай Аралбайұлы осы мәселемен айналысып жатқанын айтты
Парламент Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов шетелден кіргізілетін көліктер үшін төленуі тиіс утилизациялық алым мен бастапқы тіркеу құнына байланысты позициясын білдірді. Ол утильалымға қарсы петицияға қол қойғанын айтады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Мен қарсы петицияға қосылғанмын. Утильалымның нәтижесі қайда? Ақшасы қайда кетіп жатыр? Зауыттар қайда? Содан кейін оны қалай есептеп отыр? Неге біз қит етсе халықты қанай береміз? Ауыл шаруашылығы техникасына ең болмаса, рұқсат етсін деді ғой. Бұл ауыл шаруашылығы саласына да үлкен бөгет жасап отырған нәрсе ғой», - дейді ол.
Ринат Зайытов комитетте әріптесі Нартай Аралбайұлы осы мәселемен айналысып жатқанын айтты.
«Өзіміздің де кірген комиссиямыз көп болып тұр. 50 мың адам наразылғын басқаша білдірсе не істейміз? Қазір бұрынғыдай халықтың бетіне түкіріп қойып отыра беретін заман емес қой!? Олар (үкімет мүшелері) заң жүзінде осындай деп әңгіме айтар. Ал нәтиже қайда? Көрсетсінші, біз де келісейік», - дейді Зайытов.