Украинаға танк бергендерге Ресейден жауап болады - Путин

Qaz365.kz редакциясы

Сталинград шайқасындағы жеңіске 80 жыл толғанына орай өткен кездесу кезінде Путин осылай деп мәлімдеді

aussiedlerbote.de

"Украинаға танк бергендерге Ресейден "жауап болады". Әскери техниканы пайдаланумен шаруа шешілмейді". Сталинград шайқасындағы жеңіске 80 жыл толғанына орай өткен кездесу кезінде Путин осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Путиннің айтуынша, Ресей "Батыс елдерінің агрессиясына тойтарыс беруге" мәжбүр. Ресей президенті өз сөзінде сонымен бірге "Ресейдің қауіпсіздігіне қатер төндірген" әлдебір "нацизм" идеологиясы туралы айтты. Оның айтуынша, қазір "Ресеймен соғыстың сипаты бөлек" болады.

"Таңданарлық жайт, бірақ факт: бізге тағы бортында крест таңбалары бар немістің "Леопард" танкілерімен сес көрсетіп жатыр. Украина жерінде бандерашылдардың қолымен Ресейге қарсы тағы соғысқысы келеді", –  деді Путин.

Бұған дейін Ресейдің жоғары лауазымды тұлғалары, арасында Путин де бар, Украинаға басып кірген кезде "арнайы операцияның" басты мақсаты "денацификация" деп мәлімдеген еді. "Бұл термин сол күйі бұлыңғыр болып қалды" дейді сарапшылар. Кремль Украинаға көмектесіп жатқан Батыс елдерінің әрекетінен Екінші дүниежүзілік соғыстағы оқиғаларға ұқсастық тапқысы келеді. Ал Батыс елдері қазір Ресейдің өзі Украина аумағына басқыншылық жасағанын айтып, мұндай "параллель" орынсыз екенін айтады.

  • Қаңтар айында АҚШ Украинаға "Абрамс" сериялы танкілердің 31 данасын беруге әзір екенін мәлімдеген. Германия 14 "Леопард" танкісін беретінін және өзге елдердің де "Леопардты" Украинаға беруіне рұқсат ететінін мәлімдеді. Осылайша Киевке кемінде немістің 112 танкісі барады. Аталған техника Украинаға алдағы екі-үш айда жеткізілмек. Киев пен Берлин танкілер Ресейдің халықаралық қауымдастық мойындаған аумағында пайдаланылмайтынын айтқан. Техника Украина жерін азат ету үшін ғана қолданылады.
  • Ресейдің Германиядағы елшісі Сергей Нечаев Берлиннің танк беру туралы шешімін "өте қауіпті" деп атаған. Оның пікірінше, мұндай шешім соғысты жаңа деңгейге шығарады, бұл неміс саясаткерлерінің Германияны соғысқа араластырмау туралы мәлімдемесіне де қайшы.
  • Кремльдегілер "Батыс берген танкілер украин әскеріне көп көмектесе алмайды" деп мәлімдеген.