Кәсіпкерлер биылғы шомылу маусымы біткенше жұмыс істемек
Әлеуметтік желіде Қонаев қаласында жалпы аумағы 7.12 гектар болатын жер қытайлықтарға берілді деген ақпарат тарады. Әкімдік осы жағдайға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Тарқатып айтсақ, «Жібек жолы» ЖШС №8 жағажайды абаттандыру жобасын қолға алып, инвестиция құймақ ниетте. Бұл жердің көлемі 7.9 гектар. Дәл сол жағажайдың қасындағы 7.12 аумақты алып жатқан учаске, яғни, №7 жағажайдың бір бөлігі инвест жобаның құрамына кіріп отыр. Жалпы аумағы 15 гектар жағалау аттракциондар паркіне айналмақ», – дейді қала әкімі Асхат Бердіханов.
Қазір №7 қалалық жағажайда 40-тан астам кәсіпкер қызмет етеді. Олар дәмхана, тапшан, шатырларды мемлекеттен жалға алып отыр. Мұндағы 2 бизнес орын аталған инвестжобаның құрамына енген.
«Кәсіпкерлер биылғы шомылу маусымы біткенше жұмыс істейтін болады. Қазіргі таңда қос тарапқа оңтайлы шешім шығару бағытындағы жұмыс жүріп жатыр. Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов кәсіпкерлермен кездесіп, мән-жайды түсіндірді», – делінген әкімдіктің хабарламасында.
Оның айтуынша, қаланың бекітілген бас жоспарына сәйкес, шаһардағы 9 жағажайды да абаттандыру көзделіп отыр. Биыл заманауи стильде жасалған №5 жағажай қолданысқа берілді.