Айдос Садықов түнде ауруханада қайтыс болғаны белгілі болды
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Ураинада кісі қолынан қаза тапқан қазақстандық журналист Айдос Садықов туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазақстандық журналист Айдос Садықов түнде ауруханада қайтыс болғаны белгілі болды.
«Өкінішті, 13 күн реанимацияда жатып, қайтыс болды. Тапаншадан атылған оқ тура самайынан тиген. Біздің прокуратура көп ақпаратты «құпия» деп айтпай отыр. Десе де олар украиналық әріптестерімен бірлесіп, іздестіру-тергеу жұмыстарын бастап кеткен екен. Ресми нәтижесін күтейік. Бірақ айтайын дегенім, артында қалған әйелі мен үш баланың көз жасы жібермейді. Жатқан жерің жайлы болсын, есіл ер! Шындық бәрібір жеңеді...», – деді депутат.
Ал депутат Ерлан Сайыров көңіл айтқан жазбасын бірнеше минуттан кейін өшіріп тастады.
Айта кетейік, Садықовқа 18 маусымда Киевте белгісіздер оқ атты, сол сәттен бастап ол реанимацияда жатты. Украинада журналистке қастандық жасады деген айыппен 33 жастағы Мейрам Қаратаев пен 36 жастағы Алтай Жақанбаев ұсталды. Екеуі де Қазақстан азаматы.
Айдос Садықов пен оның әйелі журналист, 2014 жылдан бері Украинада тұрады және босқын мәртебесіне ие. Онда ерлі-зайыптылар 1 миллионнан астам жазылушысы бар «Бәсе» оппозициялық YouTube арнасын ашты. Басылымның Telegram-да 59 мыңнан астам жазылушысы бар.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі өткен жылдың қазан айында Наталья мен Айдос Садықовтарға іздеу жариялаған.