Беларусь ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі атанды

Qaz365.kz редакциясы

ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары құжатқа қол қойып, шешім қабылдады

Фото: akorda.kz

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Беларусь Республикасы Ұйымның толыққанды мүшесі болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Бүгін Астанадағы саммитте ұйымның кеңеюіне байланысты маңызды шешім қабылданады. Осыған орай Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенконы қош келдіңіз дегім келеді. Сіздің еліңіз қысқа уақыт ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына толыққанды мүше болу жолында барлық қажетті процедураны орындады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент отырысты Беларусь Республикасын ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қатарына қосу туралы құжатқа қол қою рәсімінен бастауды ұсынды.

ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары құжатқа қол қойып, шешім қабылдады.

Осылайша, саммитте Беларусь Республикасы ШЫҰ-ның ресми түрде мүшесі атанды.

Беларусь Республикасы 2010 жылдан бері Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысып келеді. Бастапқыда диалог бойынша әріптес болды, кейін бақылаушы мәртебесін алды.