Мемлекеттік орман күзеті қызметкерлерінің жалақысы 100%-ға көтерілді
Бүгін Премьер-Министр Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Үкімет басшысының алдымен «Семей орманы» табиғи резерваты аумағын әуеден тексеруін назарға алуына қарап-ақ мәселені неден бастауы керектігін о бастан ойлағанын аңғаруға болады. Яғни, Мемлекет басшысының өртенген қарағайлы орманды қалпына келтіру және өрттің алдын алу, орман шаруашылығындағы мәселелерді шешу жөніндегі тапсырмаларының қалай орындалып жатқанын өз көзімен көруді жөн санаған екен.
Өткен жылы маусым айында орын алған, 66 мың гектарға жуық алқапты алған ірі орман өртінің салдарын жою үшін әлі де қыруар жұмыстар жүргізу қажеттігі түсінікті. Сол орайда, қазір облыстағы орман шаруашылықтарындағы мәселе де, оны шешу жолындағы жұмыстар да шашетектен.
Жалын тимеген сау көшеттерді дің зиянкестерінің таралуынан, қурап жатқан орман ағаштарының кесірінен өрттің жаңа ошақтарының пайда болуынан сақтау және қорғау мақсатында өртенген сүрекдіңдер кесіледі. Күйген ағаштарды кәдеге жарату және қайта өңдеу үшін өңірде дайын өнім – ЛАБТ, АЖТ, ББТ, отын брикеттерін шығаратын ағаш өңдеу кешенін салуға 7,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған екен. Семей қаласының индустриалды аймағындағы 55 га жер телімін тіркеу рәсімі жүргізіліп жатыр. Орман алқаптарын қорғау мақсатында былтыр жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеге 37 арнайы техника сатып алынған. Нақтылап айтқанда, бұл қаражат өрт сөндіру машиналары, трактор, патрульдік автокөлік сатып алуға жұмсалған.
Мемлекеттік орман күзетінің 12 876 қызметкерінің жалақысы 100%-ға көтерілді. Үкімет қаулысымен биылғы 1 шілдеден бастап еліміздегі орман және табиғатты қорғау мекемелерінің қызметкерлері лауазымдық жалақыларына үстемеақы ала бастағаны да орман шаруашылығындағы түйткілді мәселенің түйінін тарқатуды жолы қарастырылып жатқанын көрсетсе керек. Жалпы, бұл мақсатқа 2024-2027 жылдарға аралығы үшін республикалық бюджеттен 8,4 млрд теңге қарастырылып отыр.
Дегенмен, бұған қарап өткен жылы орын алған жағдай біртіндеп шешімін тауып жүріп жатыр деп тон пішуге әлі ерте. Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Семей орманы» аумағында құқықтық тәртіптің сақталуын қатаң бақылау қажеттігіне ерекше тоқталғанына қарап, тексерістер әлі де жалғаса беретінін байқауға болады. Осы айдың басында ғана Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен орманды заңсыз кесу және ұрлау фактілеріне қатысты 20 адамнан тұратын қылмыстық топты құрықтағанын бірқатар БАҚ жарыса жазды.
«Өткен жылы алапат өрт орын алды – біз 66 мың га орман қорын жоғалттық. Бұл бүкіл «Семей орманы» алқабының оннан бір бөлігі, сондықтан орман өрттерінің алдын алу өте маңызды міндет. Біз Президенттің тапсырмасы бойынша биыл бірінші болып соққы қабылдайтын ТЖМ және орман шаруашылығы құрылымдарын техникамен жабдықтау бағдарламасын қолға алдық. Аталған бағдарламаны жалғастырып, сіздерді заманауи техникамен қамтамасыз етеміз. Айтқым келген тағы бір маңызды мәселе – заңсыз ағаш кесумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы. Олармен күресу керек. Сіздер олардың бар екенін менен жақсы білесіздер. Мен тіпті жекелеген қызметкерлерге заңсыз ағаш кесуге кедергі келтірмеу қаупі төніп тұрғанын білемін. Міне, мұнымен күресу керек. Бұл жерде Ішкі істер министрлігі өте мұқият назар аударуы қажет. Орман – біздің ұлттық байлығымыз. Заңсыз ағаш кесумен айналысатындар – мемлекеттің жауы. Мұнда бүкіл мемлекет күш салып, түбегейлі соққы беруі керек. Бұл сіздердің және құқық қорғау органдарының міндеті», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы өрт қауіпсіздігінің маңыздылығына тоқталып, «Семей орманы» резерватының, облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен әкімдікке өртке қарсы қызметтердің күштері мен құралдарының тұрақты әзірлігін қамтамасыз ету қажеттігін де баса айтты.
«Орман алқаптарын сақтау мәселесі және өртке қарсы шараларды қабылдау біздің ерекше назарымызда болады. Мұндай апаттардың қайталануына жол беруге болмайды. Апаттың алдын алу шараларын қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде толықтай жүзеге асыру маңызды. Ол үшін біз резерватты жарақтандыруды жалғастырамыз, оның ішінде орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнатамыз», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының сапары аясында Экология және табиғи ресурстар министрлігіне Абай облысының әкімдігімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Семей орманын» материалдық-техникалық жарақтандыру және орман алқабын молайту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру, сондай-ақ күйген ағаштарды кәдеге асыру жөніндегі жобаны іске асыруға қолдау көрсету тапсырылды.
Сәтжан Қасымжанұлы
Абай облысы