Семейдің жылумен жабдықталуы Үкімет назарында

Qaz365.kz редакциясы

Қазіргі күнде ЖЭО-1 нысанындағы жөндеу жұмыстары қалыпты жүріп жатыр деуге болады

Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Семей қаласындағы апатты ЖЭО-1 нысанына барып, оны қайта жаңғырту жұмысын қадағалап, инженерлік инфрақұрылымның жай-күйін және жылу беру кезеңіне дайындығымен танысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Абай облысы әкімінің орынбасары Д. Гариков Үкімет басшысына облыстың энергетика саласын және жалпы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту жоспары мен қазіргі жағдайы туралы мәлімдеді. 

Осы тұста айтар жайт, Абай облысы «қызыл аймақтағы» өңірлердің қатарына кіреді. Облыс бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі 64,2%-дық деңгейде. Нақты мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда 28 жоба іске асыру сатысында. 37,9 шақырым желі мен 17 жылу көзін салу, реконструкциялау және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Энергетика инфрақұрылымын жаңғыртуға 10,9 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың айтуынша, осы жылдың қорытындысы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде алдағы уақытты коммуникация желілерінің тозу деңгейі 57,7%-ға дейін төмендеуі мүмкін.

Қазіргі күнде ЖЭО-1 нысанындағы жөндеу жұмыстары қалыпты жүріп жатыр деуге болады. Атап айтқанда, су жылыту қазандығы мен сорғы тобының төртінші қазандығы жаңғыртылды. Салынғанына 90 жылдың жүзі болған бұл нысан «қартаңдығына» қарамастан қаладағы ең ірі жылу беру нысаны болып саналады. «Теплокоммунэнерго» МКК құрамындағы аталған кәсіпорынға 70 мыңнан астам абонентті жылумен қамтамасыз ететін 76 жылу пункті мен 21 қазандық қарайды. Қала аумағының кеіейіп жаңа тұрғынүйлер салына бастауы әрі қолданыстағы жылу желілерінің жоғары тозуы салдарынан Семейде жылу және электр қуатының жетіспеушілігі туындап отырғаны рас.

Қазіргі таңда Семей қаласының сол және оң жағалаулары автономды түрде жылумен жабдықталған. ЖЭО-1 сол жағалау тұрғындарын жылумен қамтамасыз етеді, оң жағалауда бұл процес 21 қазандық арқылы орындалады.

Үкімет басшысы ЖЭО-3 және оның магистральдық желілерін салу жобасының іске асырыла бастағанын атап өтті. Жобаны 2030 жылға дейін 3 кезеңде іске қосу көзделіп отыр. Бұл нысан пайдалануға берілгеннен кейін қазандықтар сорғы-сүзгі стансалары режимінде жұмыс істейтін болады, яғни жылу энергиясын тікелей үйлерге жеткізеді. Сонымен қатар бүгінгі таңда оң жағалауда сағатына 146,99 Гкал деңгейіндегі тапшылық мәселесі шешілмек.

Биыл 44 көппәтерлі тұрғын үйді, 1200 орынға арналған мектепті және нефрологиялық орталықты пайдалануға беру жоспарланып отырған Қарағайлы ауданының қарқынды құрылысын да назарға алған Премьер-Министрге қуаты сағатына 21,5 Гкал құрайтын блокты-модульді қазандық салу жобасы таныстырылды. Құны шамамен 5,9 млрд теңге болатын энергетика объектісін салу жұмыстары құрылыс салушының қаражаты есебінен басталды.

«Абай облысында, оның ішінде Семей қаласында жылумен жабдықтау мәселесі өте күрделі екені белгілі. Инженерлік желілердің тозуы мен жергілікті ЖЭО жағдайы бойынша өңір “қызыл аймаққа” жатады. Осы жылдың соңына дейін жылу көздерін сапалы жаңғырту жұмыстарын жүргізу – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Бұл мәселе Үкіметтің ерекше бақылауында», – деді Олжас Бектенов.