Сырттан келетін легионерлерге тоқтау салынуы тиіс – Тоқаев

Qaz365.kz редакциясы

Президент кәсіби спортта шешімін күткен түйткілді мәселелер де баршылық екенін айтты

Фото: Ақорда

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті. Салтанатты іс-шарада Тоқаев легионерлер мәселесін де қозғады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мемлекет басшысы кәсіби спортта шешімін күткен түйткілді мәселелер де баршылық екенін айтты.

«Мемлекет ең жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындауға жеткілікті мөлшерде қаржы бөледі. Сондықтан жұртшылықтың халықаралық жарыстарда кейбір спорт түрлерінен жүлде күтуі – заңдылық. Салалық ведомство спорттың олимпиадалық түрлерін дамыту ісінде кеткен жүйелі қателіктерді егжей-тегжейлі талдауға тиіс. Кешенді реформа жасайтын уақыт келді. Ал оны жүзеге асыру үшін құзыретті министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті және спорт федерациялары үйлесімді әрекет етуі керек. Спортта әділ бәсекелестік рухы салтанат құруы қажет. Жемқорлықпен табанды түрде күресіп, жоғары нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіретін протекционизм секілді факторлардан іргені аулақ салған жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек екенін айтты.

«Өйткені кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн», - деді Тоқаев.