Әуекомпанияларға жүктелетін жауапкершілік күшейтіледі
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай «Тұтынушылардың құқығын қорғау» туралы заң жобасына енгізілетін өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бүгін Мәжілісте тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң жобасының бірінші оқылымы өтті. Сіз бен біз айтып жүрген біраз жақсы түзетулер енгізілді. Заң қабылданғаннан кейін, мәселен, Қазақстан Республикасының территориясында кәсіп ашқысы келген кез келген азамат, кез келген бизнес субъектісі бірінші кезекте қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндетті. Бұл барлығына қатысты. Қазақша мәзір болуы керек. Бізде үлкен компаниялар бар ғой. Kaspi.kz, Koleso.kz болсын барлығы қазақ тілінде қосымша әзірлеуге міндеттеледі», – деді Мақсат Толықбай.
Сондай-ақ депутаттың айтуынша, әуекомпанияларға жүктелетін жауапкершілік күшейтіледі.
«Екіншіден, әуе компанияларына қатысты шағым көп. Air Astana, Fly Arystan, Scat компанияларының ұшақтары кешігеді, бірақ кімнің билетінің ақшасын толығымен қайтарып жатыр? Бұл жерде де біздің құқығымыз бұзылады. Енді оларға жүктелетін міндет, жауапкершілік күшейтіледі. Әуежайдың басшылығына да қатысты. Жүкті әйелдер, мүгедектігі бар адамдардың барлығына сапалы қызмет көрсетуі тиіс. Бірақ өңірлердің барлығында бірдей жақсы сервис көрсетіліп жатыр деп айта алмаймыз. Сондай-ақ қазір онлайн сауда жасайтындар көп. Бұрынғы заңда ол туралы ешқандай норма қарастырылмаған. Тұтынушының құқығын қорғайтын арнайы омбудсмен пайда болады, бірлестіктер құрылады. Бұрынғыдай тек сотқа шағымданып, бірнеше ай уақытымызды өткізбейміз. Осы бірлестіктер, омбудсмендер арқылы біз өз талап-шағымызды жеткізетін боламыз. Екінші оқылымнан кейін бұл заң жобасының қыр-сырын, бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп береміз», – деді Мақсат Толықбай.