Тәуелсіз Қазақстанның 31 жылдық тарихында бірде-бір қандас Мәжіліс немесе Сенат депутаты болып сайланбаған
Қандастар қашан депутат болады? Бұл тақырып әлеуметтік желіде осы мәселе қызу талқылана бастады.
Тәуелсіз Қазақстанның 31 жылдық тарихында бірде-бір қандас Мәжіліс немесе Сенат депутаты болып сайланбаған. Ал цифрларға үңілсек, қандастардың бір қауым ел екенін көреміз.
«Қазақстан» ұлттық телеарнасының журналисі Нұрбек Бекбау фейсбуктегі парақшасында былай жазады:
«Қандастардың бір-бірін қолдауға, қолпаштауға, жақын тартуға әзір екенін де көріп жүрміз. Мұны жаман деуден аулақпыз. Жақсы үрдіс. Барлық қазақ солай болуы тиіс. Алайда сол қандастарымыздың мәселесі де аз емес. Парламент мінберінде де, БАҚ бетінде де талай көтерілген. Әлі де өзекті күйінде.
Бірақ қандастардың мәселесін, проблемасын өздерінен артық ешкім түсінбейді. Мұны да ескеруге тиіспіз. Сондықтан олардың да арасынан бір депутат шығуы керек. Можаритарлық жүйе қолданысқа енгізілген тұста, шеттен келген бауырларымыз мұны пайдалануы керек. Бұл – үлкен мүмкіндік оларға берілген.
Әлгі, бәріміз жапатармағай жамандап жатқан Ескі Қазақстанда қандастар арасынан бірде-бір азамат Парламент креслосына отырмапты. 1991 жылдан бері бірде-бір оралман депутат болмаған».
ҚХР Іле қазақ облысында дүниенге келген ақын Дәлетбек Байтұрсынұлы бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, қандас ретінде емес, Қазақстан азаматы ретінде топ жарғаны әлде қайда абзал.
«Кешелі бері тіркеліп жатқан қандастар бар көрінеді. Негізі ондай бір топтың өкілі болып түскеннен гөрі, Қазақстан азаматы ретінде топ жарғаны әлде қайда абзал!.. Отыз жылда ондай биік дәрежеге жеткен жігіттер бар», - дейді ол.
Думан Қабікен есімді желі қолданушысы елімізге көшбасшылар керек деп санайды. Оның ойынша, елдің әл-аухатын, ішкі-сыртқы жағдайын нақ білетін үміткер Сырымбек Тау.
«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын» деген ұлы Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың сөзі нар тұлғалы ерлерімізге темір қазық екені сөзсіз. Елдің әл-аухатын, ішкі-сыртқы жағдайын нақ білетін, көрінген мәселелерді тиімді шеше алатын лидер басшылар билікке керек!
Халықтың қалаулысы Сырымбек Тау мырза деп білемін. Жастарды қолдап, елдің ертеңі үшін аянбай тер төгіп жүрген азаматымызды биліктен көрсек нұр үстіне нұр болар!» - дейді Думан Қабікен.
Фриланс журналист Халима Тәжіқұл қандастардың азаматтық алған соң қазақстандықтармен тең құқылы екенін айтады. Қандас статусы Қазақстан азаматтығын алғанға дейін берілетін уақытша статус.
«Олар азаматтық алған соң қазақстандықтармен тең құқылы болады. Сондықтан бөліп-жару қалай болар екен. Бұл бірігуден бұрын бөлінуге алып келмей ме?» - деп алаңдаушылық танытады.
Журналист секілді біраз желі қолданушысы бірігуден бұрын бөлінуге алып келеді, онсыз да руға, басқаға бөлінеміз деген пікір қалдырған. Халыққа қызмет ету үшін міндетті түрде мінбер қажет емес екенін жазғандар да бар.
Қазақстан тәуелсіздік алған 1991-2020 жыл аралығында 1 089 700 этикалық қазақ отанға оралып, «қандас» мәртебесін алған. Бұл шамамен 320 мыңға жуық отбасы. Олардың басым бөлігі Өзбекстан, Моңғолия, Түркіменстан, Қытай, Ресейден келген. Көпшілігі Түркістан, Алматы, Маңғыстау облыстарына шоғырланған. Қазіргі кезде Қазақстанның қоғамдық-саяси, экономикалық, мәдени өмірінде өз орнын тауып, табысты еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтары. Бұлардың 700 мыңдайы алдағы сайлауда дауыс бере алады.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Алматыдағы №3 сайлау учаскесінен Respublica партиясы тең төрағаларының бірі Сырымбек Тау мен Павлодар облысынан Амантай Жарқынбек сайлауға түскелі жатыр. Amanat ұсынған Амантай мен белгілі кәсіпкер Сырымбек Таудың дәл осы жолы басқаларға қарағанда бәсі жоғары ма?
Алматының Әуезов, Алатау аудандарының халқы дауыс беретін №3 сайлау учаскесінде Сырымбек Тауға басты қарсылас белгілі журналист Ермұрат Бапи болуы мүмкін екені айтылады.
Есепке жүйрік бизнесмен адамның бағдарламасы қандай болмақ? Танымал, тәжірибелі журналист Ермұрат Бапиден айласын асыра ала ма? Уақыт еншісінде.