Депутат қосымша білім беруге бірде-бір қаражат бөлінбейтінін айтты
Бұл туралы депутат Нұргүл Тау мәжілісте Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлынан сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Парламент Мәжілісінде 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы бойынша сөз сөйлеген Қаржы вице-министрі Қазақстан бюджетінің білімге жұмсаған шығыны 1 трлн теңгеге жететінін айтты. Ол білімге бағытталған шығын ұлғаятынын, яғни, 2025 жылы бұл бағытқа шығындар 2024 жылдың деңгейінен 116 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн теңгені құрайтынын, шығындар өсуінің негізгі факторларын атап көрсеткен еді.
Вице-министр мәлімдемесін естіген депутат Нұргүл Тау қосымша білім беруге бірде-бір қаражат бөлінбейтінін тілге тиек етіп, өз наразылығын білдірді.
«Мектепке дейінгі білім, орта және техникалық білім деп атап өттіңіз. Кешіріңіз, бізде қосымша білім беру деген бар. Сіз бен біздің балаларымыз, осында отырған азаматтардың барлығының мектепте оқитын балалары сол қосымша білімге барады. Бірақ өкінішке қарай, бүгін бірде-бір қаражат соған бөлінбей отыр. Оның сыртында минималды стандарт жоқ. Осыны қашан істейді екен. Соған жауап бересіздер ме?» - деді депутат.
Депутатқа жауап берген вице-министр слайдты қосқан кезде барлық бағыттағы шығыстарды көрсету деген мақсат болмағанын, тек басты бағыттарды көрсеткенін айтты. Артынша стандарт бойынша Оқу-ағарту министрлігіне сөз берді.
«Қосымша білім беру білімге жатпайды деп ойлайсыз ба?» деген депутаттың сауалына Оқу-ағарту вице-министрі Оспан Еділ жауап берді.
Оспан Еділдің сөзінше білімнің негізгі үш деңгейі көрсетіліп, ол бойынша мемлекеттік міндетті білім беру стандарты іске асырылады. Республикалық бюджет тарапынан осы үш деңгейге қатысты, біліктілікті арттыруға қатысты қаржыландыру көзделген.
«Қосымша білім беру - жергілікті бюджеттің есебінен қаржыландырылатын білімнің бағыты. Мұнда шығармашылыққа басымдық беріледі. Сондықтан белгілі бір мемлекеттік стандарттың болмауы соған байланысты. Ал сіз айтып отырған минималды стандарт ең төменгі көрсеткіштер бойынша негізінен бұл салаға төменгі көрсеткіштерді қою мақсатқа сай емес. Өйткені әр жерде қосымша білім беру шығармашылық мақсатта жасалады. Қазіргі күні белгілі бір стандарттар бар. Ол туралы біз жергілікті жұмыс атқарушы органдармен жұмыс істеп жатырмыз. Жаңадан ашылған қосымша білім беру ұйымдарының тәжірибесін тарату бағытында осындай жұмыстар жүргізілуде», – деді Оспан Еділ.