«Қазақстанда өмір сүру керек пе, жоқ па деген сұрақ туындайды»: депутат Мұқаев кедейлік жайлы айтты

Qaz365.kz редакциясы

Елде инфляция деңгейі  – 10 пайызды құрап отыр

Фото: parlam.kz

Депутат Дәулет Мұқаев Қазақстандағы кедейлік мәселесін көтерді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша қазіргі алаңдайтын мәселе – халықтың әлеуметтік жағдайы. 

«Жолдауды да айтып жатырмыз. МӘМС-ке де 2030 жылға қарай алымдар көбейеді. Одан кейін зейнетақы аударымдарына байланысты да жұмыс берушілер тарапынан көбейеді. Бірақ айналып келгенде, бұл халықтың ақшасын алу! Мысалы, қазіргі деңгейдің өзін санасақ, әлеуметтік аударымдар, әлеуметтік салық, жеке табыс салығы бар, екі жақтан да зейнетақы аударымдары бар, медсақтандырудың өзі 2030 жылға қарай 9 пайызға дейін көтерілетінін байқадым. Соның бәрін санағанда өзіміздің табысымыздан 47 пайызын осылай салыққа береді екенбіз. Орташа айлықты ҰЭМ статистикасы 305 мың теңге деп көрсеткен. Сонда зерттеу жүргізген кезде 55 пайызы азық-түлікке кетіп отыр. Біз сол өз табысымыздан бөліп жарып, 47 пайызын салыққа, 55 пайызын азық-түлікке кетіп жатса, өзімізде не қалады? Қазақстанда өмір сүру керек пе, жоқ па деген екінші сұрақ туындап отыр» - дейді депутат.

Депутаттың сөзінше, әлеуметтік салаға байланысты базалық зейнетақы мөлшері 42 мың теңгеден 44 мың теңгеге өссе де, 5 пайыздық өсім еш жыртықты жамамайды. Себебі елімізде инфляция деңгейі  – 10 пайызды құрап отыр. Өткен жыл да сондай деңгейде болған. Яғни, 5 пайыз – салыстырмалы түрде аз екендігін айтады. 

«Мені алаңдататын мәселе – бюджет тапшылығы. Алдағы 2025-2027 жылдары бюджет тапшылығы қанша трлн теңгені құрайды? Бір сөзбен айтқанда, халықтың әлеуметтік табысы, жағдайы қаншаға өседі? Президент «2025 жыл – жұмысшы мамандығы жылы» деді. Соған байланысты жұмысшы мамандығының айлығы өсе ме? Халықтың сұрауы осы!» - деді депутат Мұқаев.

Мәжіліс депутатының сауалына жауап береген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 4,5 млн адам әлеуметтік төлемді алып отырғанын мәлімдеді.

«Біздің азаматтар тек базалық зейнетақыны алып отырған жоқ. Базалық зейнетақыға қосымша ықпалдас төлемдер болады және БЖЗҚ-дан төлемдер бөлінеді. Зейнетақының орташа мөлшері 152 мың теңгені құрайды. Ең максималды зейнетақы – 197 мың теңге. Екі жылдың индексацияны есептесек, зейнеткерлер саны өсіп келеді. Қазақстанда 2,3 млн адам зейнеткер. Сол зейнетке қол жеткізіп отырған азаматтар. 729 мың мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Олардың да инфляция бойынша төлемдеріне индексация жасалады. Қосымша техникалық құралдар мемлекет тарапынан беріледі. 248 мың азамат – асыраушысынан айырылған азаматтар. Солардың бәрін есептегенде 20 млн адамның ішінде 4,5 млн адам әлеуметтік төлемді алып отыр» – деді министр Жақыпова.