Көбіне орыс тілінде сөйлеген вице-министрлер депутаттың сынына қалды
Бүгін Мәжілісте Салық кодексінің жобасын және салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулері таныстырылды. Бірақ баяндама жасаған Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мен Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов көбіне орыс тілінде сөйлеуі депутат Ринат Зайытовқа ұнаған жоқ, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Президет Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея сессиясында «Әркімнің патриоттық деңгейі мемлекеттік тілге деген құрметімен өлшенеді» деп анық айтқан. Бәлкім, Евгений Кочетовқа, Роман Васильевич Склярға, тіпті Ринат Рифхатұлы Зайытовқа да кешірілетін шығар. Бірақ атасының аты Әміре, өзінің аты Азамат, әкесінің аты Біржан, өзінің аты Ержан деген азаматтарға мына жерге келіп шүлдірлеп тұрған жараспайды. Басында 2 сөйлем, соңында 2 сөйлем қазақша айтып, өтірік мүсіркеп, біздің мемлекеттік тілімізді қорламауға шақырамын», - деді Ринат Зайытов.
Азамат Әмрин бұған жауап бермесе, ал Ержан Біржанов мемлекеттік тілді меңгергенін жеткізді.