Қазақстанда Ресейдегідей утилалым мөлшерлемесі өсе ме – министрлік жауабы

Qaz365.kz редакциясы

Мемлекет утилалымға байланысты ставкаларды қайта өзгертуді қарастырып жатқан жоқ

Фото: ашық дереккөзден

Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Олжас Сапарбеков утилалымға байланысты мемлекеттің қабылдаған шешімі өзгермейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ол Мәжіліс кулуарында журналистерге айтты.

«Утилалымға байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында, Тик-токта келіспеушіліктер жөнінде көріп қаламыз. Алайда бізге қарсы бұл бағытта қандай да бір арыздар түсіп жатқан жоқ», - дейді ол.

Сапарбековтың айтуынша, мемлекет утилалымға байланысты ставкаларды қайта өзгертуді қарастырып жатқан жоқ. Журналистер одан «Ресейде утилалым мөлшері өседі, біз қайтеміз» деп сұрады.

«Аталмыш мәселе әлі біздің күн тәртібімізде жоқ. Егер шықса, сіздерге ол жөнінде міндетті түрде айтамыз», - деді ол. 

Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев елде ескі көліктер көбейсе, қазақстандықтарға жолдарда жүру аса қауіпті болатынын мәлімдеген болатын.

«Жасыл даму» акционерлік қоғамына 2022 жылдың қаңтар айынан бастап, 2024 жылдың І тоқсанын қоса есептегенде, кәдеге жарату төлемінен 506,2 млрд теңге түскен. Оның ішінде көлік құралдарын импорттаушылардан түскен сома 230,3 млрд теңге. Qaz365.kz редакциясына жолдаған жауабында «Жасыл даму» АҚ-ның бұл ақшаның қайда жұмсалып жатқаны жазылған.